$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қарағандыда Орталық Азиядағы ең ірі сауда- логистикалық орталық бос тұр

AstanaTV
04.05.2022ж. 20:00
1629
Қарағандыда Орталық Азиядағы ең ірі сауда- логистикалық орталық бос тұр

Қарағанды облысында мемлекеттің қолдауымен 9 миллиард теңгеге салынған Орталық Азиядағы ірі сауда- логистикалық орталығы халық арасында үлкен дау туғызды. Екі жыл бұрын ашылған орталықта арзан бағамен азық-түлік сатылуы тиіс еді. Алайда қоймалар бос тұр,  бірен- саран сөреде ғана тауар бар. Оның өзінің құны қымбат.   Тұрғындар  қоғамдық қабылдауға шағымданды.  

Орталық Азиядағы ірі сауда- логистикалық кешен 2 жыл бұрын ашылған.  Құзырлылар сол кезде  Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстан, Тәжікстаннан тауар тасымалданады, көкөністер мен жеміс- жидек 20 пайызға арзандайды,- деген болатын.   
 
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ БҰРЫНҒЫ ДЕПУТАТЫ:
 
Ең алдымен мал өнімдері, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы нарықтық, яғни бұл жерде алыпсатарлардың болмауы және соның тиімді болуы бұл халыққа жақсы қызмет ететін сияқты және Қарағанды облысының агро секторында жұмыс жасап жатқан адамдарға үлкен пайдасы тиетіндігін біз көріп отырмыз.
 
Алайда логистикалық орталық қазір қаңырап бос тұр.  Сатылып жатқан аз ғана  азық- түліктің бағасы- қымбат. Бұған жұрт наразы.

БЛИЦ:
 
- Жаңа әкеліп жатқан жеміс- жидектері, овощьтары қымбатырақ, өткенде пияз бен картоп алдым таза емес, ал жаңағыдай жайма базарларда жақсы сақталған.

- Базарға да барсаң қымбат, мына жаққа барсаң да қымбат барлығы, көп балалы аналар бар, күйеуі жоқ кісілер бар.


Тұрғындар осыны айтып, қоғамдық кеңеске  шағымданған. Ондағылар да орталықтың толыққанды жұмыс істемей тұрғанын айтады.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:
 
Соңғы екі жылда бұл жерге бір контейнерлердің келгенін, өз бағасына беріліп жеміс- жидек сатылып жатқанын көрген жоқпыз. Қарағанды облысының барлық фермерлері осы жерге өздерінің картобын, сәбізін барлығын сатып жүру керек қой. Бұл орталық не үшін ашылған?


Орталықтың иесі   -Анвар Осин. Ол  бұған қатысты түсінік бермейді. Ал кәсіпкерге барлық жағдайды жасап берген әкімдіктегілер   бұл  коммерциялық жоба болғандықтан,   араласа алмаймыз,- дейді.

Татьяна АБЫЛАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Коммерциялық жоба ретінде іске асырылғандықтан бизнесін қалай жүргізеді өзі біледі. Бизнестің жол картасы бағдарламасымен салынғаны рас. Бірақ ол арзан бағамен сатқызуға, не жәрмеңке өткізуге міндетті емес.  
 
Қоғамдық кеңес мүшелері халықтан түскен шағымды үкіметке жеткізбекші. Басы таудай аяғы қылдай жобаның шикілігі көп дейді олар.  

А. Қуаш