$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Алғашқы "Qaisar" әскери-патриоттық ойындары аяқталды

AstanaTV
05.05.2022ж. 20:00
3588
Алғашқы "Qaisar" әскери-патриоттық ойындары аяқталды

Спорт, әскери өмір, жаңа достар. "AMANAT" партиясының жастар қанаты ұйымдастырған "Qaisar" әскери-патриоттық ойындарының финалдық кезеңі аяқталды. Партияның жастар қанаты аталған жобаны іске асыру туралы осы жылы 1 наурызда өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII съезі барысында айтқан болатын. Елордада еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық оқушы жиналды. Финалистер қатарына ілігу үшін олар қатаң іріктеуден өткен.  Іс-шара Отан қорғаушылар күні мен ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Жарыс ойындарына 3 қала мен 14 облыстан 102 қатысушы келді. Финалға ұмтылғандар саны 20 есе көп болған. Мұнда тек кіл мықтылар жиналды. Балалардың дене шынықтыру және интеллектуалды дағдылары жан – жақты тексерілді. Әсіресе, патриот оқушылардың Отан тарихын қаншалықты білетіндеріне басты назар аударылды.
 
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Мұнда тек бәсекелестік режим ғана емес, зияткерлік компонент бар. Осы ойындар аясында біз жаңа "QAISAR"әскери-патриоттық жобасын бастаймыз.

Оқушылар екі күнге нағыз сарбаздар кейіпіне енді. Жүзу, жүгіру мен викторина сынды түрлі сынақтар балаларға еркінсуге мүмкіндік бермеді. Сайыс қиындаған сайын олар әскери өмірді шынайы сезіне бастағандай әсер қалдырды. Ауа райының қолайсыздығы мен кедергілер оқушылардың ұмтылысына ешқандай қиындық туғызбады.
 
Әділ АНАРБАЙ, ҚАТЫСУШЫ:

Біз бүгін осы Қайсар армиялық-патриоттық сайысына қатысуға келдік. Өте жаңа әсерлер алдық. Бізге ұнады.  Өзімізді бір күн армияда болғандай  сезіндік. Жаңа эмоциялар. Бұл сайыстың бір жақсы жері қазіргі жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін, Қазақстанды қорғауға деген патриотизмді көтеретін сайыс.

Алғашқы күн осылай алау маңындағы жылы басқосуға ұласты. Қатысушылар бір-бірін жақынырақ танып, өзара ән айтып, әзілдері жарасты. Жарыс қорытындысында үздіктердің үздігі анықталды.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «Жасампаз, отаншыл әрі ұлтжанды азаматтар ғана елімізді өркендете алады» деген сөзі бар.  Сондықтан да Қайсар әскери-патриоттық партиялық жобасының негізгі мақсаты – жастардың бойында қазақстандық патриотизмді дамыту. Осы екі аптаның көлемінде жоба аясында Қазақстанның барлық аймақтарында екі мыңнан аса жас белсене қатысты. Жыл соңына дейін «Қайсар» жобасының аясында 25 мың жасты қамтимыз деген нақты жоспарымыз бар.


Марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, сондай-ақ, қарулы күштер саласының ардагерлері қатысып, ерекше құттықтауларын арнады.   

Марат ҚҰСАЙЫНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің әскери бөлімшелердің есігі жастар үшін әрдайым ашық. Осындай бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру алаңы болуға дайынбыз. Әсіресе, әскери –патриоттық идеологияны насихаттайтын жобаларды қолдаймыз.

Бақытжан ЕРТАЕВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ АРДАГЕРІ:

Біздің бабаларымыз еліміздің егемендігін ойлап, еліміздің тәуелсіздігін ойлап, атқа мініп, найзамен, білектің күшімен, қан төксе де, бізге осы жерді алып қалуды ойлады. Бір қосып, бір болып, жаңа Қазақстанның туын көтеріп, жаңа Қазақстанның жолымен жүріп, бір болып, болашаққа гүлдеп жайнатып Қазақ елін. Біз сол байрақты ары қарай жіберуміз керек.

Екі күнге ұласқан тартыста Маңғыстау облысының командасы жеңісті қанжығасына байлады. Сондай-ақ, үштікке Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының балалары кірді. Жеңімпаздар диплом,  медаль және  ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

А. Съезбек