Бүгіннен бастап еліміздің барлық аймақтарында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бұл мемлекеттік бағдарламаның тұсауы Таразда кесілді. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов барлық облыс әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарларын әулиеата өңіріне жинап жобамен таныстырды. Басты мақсат тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру. Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл жерінде бастау алған пилоттық жоба өз жемісін берген. Тараздағы тілшіміз тарқатып айтып береді.
Әулие ата өңіріне жұмыс сапармен келген үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов, 2019 жылы басталған Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының жұмысымен танысты. Аталған бағдарламаға қатысып кәсібінен нәсібін тауып отырған кәсіпкерлермен кездесті. Жемісін берген жобаға бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінген. Осының нәтижесінде ауылда мал басы артып, сүт және ет өңдейтін шағын цехтар ашылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен тұрғындар өзін-өзі қамтып, артылғанын сатып пұл қылатындай жағдайға жеткен. Мәселен бір ғана Қостөбе ауылдық округі тұрғындарының табысы 4 есеге арттыпты.
Дархан АҚҚҰМАНОВ, КӘСІПКЕР:
14 жарым млн кредит алдым 2019 жылы. Күнделікті 2 тонна өніміміз бар. Осы жердің базарына сатамыз. 7 жарым жылға алғанбыз. Почти жартысын құтылып қалдық. екі жарым пайыз болғанан кейін өте тиімді. 11 адам жұмыспен қамтылып жатыр.
Бұл тәжірибе енді өзге өңірлерде де жүзеге асырылмақ. Себебі, аталған жобаға қызығушылық танытып, шаруасын ширатам дегендер көбейген. Өтініштерде толассыз түсіп жатыр дейді мамандар. Пилоттық жоба бес бағыттан тұрады. Аулаларға іргелес жатқан жерді тиімді пайдалану, үй аулаларында мал және құс шаруашылығын дамыту, жемшөп дайындау және жайылымдарды ұйымдастыру проблемасын шешу, жеке қосалқы шаруашылықтарға жәрдемдесу үшін кооперативтер құрып, ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.
Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Негізгі бағыттың бірі ауыл шаруашылығы болады. Шамамен 42 пайызы қазағымыз ауылда тұратынын білетін болсаңыздар қаншама азамат болашаққа шаруасын нақты жұмыспен қамтамасыз ету арқасында осы ауылды көркейтуге болады деген нақты жоба да бар, жоспар да бар. Жүзеге асқан пилоттық проект те бар. Соны елге де көрсетуіміз керек. Азаматтарға көрсетуіміз керек.
Жамбылда басталған бастаманың нәтижесі жаман болған жоқ. Бұл жобаның арқасында бір ғана Байзақ ауданында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 49 пайызға азайып, алынған өнім көлемі 167 пайызға артқан. Ет және сүт өнімдері 1,5 мың тоннаға ұлғайып, жұмыссыздар саны кеміген. Жобаға қатысушылардың орташа табысы 49 мыңнан 82 мың теңгеге дейін жеткен. Екі жылдың ішінде алынған несиенің 97 пайызы бүгінде қайтарылыпты.
Б. Жұмабайұлы