Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақ-Түрік ынтымақтастығының жаңа дәуірі

AstanaTV
11.05.2022ж. 20:00
2417
Қазақ-Түрік ынтымақтастығының жаңа дәуірі

Қазақстан мен Түркияның 30 жылдық дипломатиялық байланысы - саяси, экономикалық, сауда, қорғаныс және өзге өзекті салалардағы жаңа әріптестік арқасында тағы бір жоғары деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бүгін Анкарада жергілікті бизнес өкілдерімен кездесулер өтті. Оның аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Соның арқасында елде біраз жаңа кәсіпорындар ашылады. Бір мысал ған келтірсек, әлемде теңдесі жоқ Анка ұшқышсыз ұшақтары Қазақстанда шығарылатын болды. Бұл қорғаныс құралы әйгілі Байрактардан да артық деседі. Түркиядан Жұрағат Баман толығырақ тарқатсын.

Жұрағат БАМАН, ТІЛШІ:

Президент сапарының екінші күні түрік - инвесторларының бизнес жобаларының таныстырылымынан басталды. Қазақстанның қай саласына, қандай қаржы құйылатыны бүгін нақты белгіленді. Жауапты министрлеріміз өз саласына тиесілі инвест жобаларды іріктеп, түрік кәсіпкерлерімен өзара әріптестік орнатты.

Мемлекет басшысына инвестициялық жобалардың таныстырылымы барысында Түрік елінде шығарылатын және Қазақстанда өндіруге жоспарланып отырған өнімдер көрсетілді. Оның ішінде құрылыс, ішіп-жем, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалардың өнімдері бар.

Соңғы 16  жылда Түркия Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Пандемия кезінде әлем бойынша шет ел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан, Түркиядан біздің елге келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі деді президент.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Ең бастысы, халықтарымыздың дүниетанымы, болмысы бір, мемлекеттер арасындағы өзара сенім деңгейі жоғары. Мұндай сенім бизнес өкілдерінің арасында берік орныққан. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Осылайша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.

Мемлекет басшысы іскерлік топтарға Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін айтып, саяси жүйені толық жаңғыртатынын жеткізді. Ол «Суперпрезиденттік» басқарудан мықты Парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өтетінін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі де айтарлықтай арта түсті. Осы ретте жүк тасымалы уақытын қысқарту, шығыс пен батысты байланыстыру мәселелері сөз болды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды.

Қазақстанға сенім артып, өзара байланысты жылдар бойы нығайтып келе жатқан YDA GROUP холдингі елімізде 2000 – ші жылдан бері бірнеше медициналық мекеме ашқан. Бұдан басқа Түркістан және Ақтау әуежайларының құрылысына атсалысқан. Кеше қос ел президенттері осы компанияның көмегімен Ақтау жақта кеме құрылысымен айналысатын кәсіпорынды ашуға уағдаласты.

Хусейин АСЛАН, YDA GROUP ХОЛДИНГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Кеше екі маңызды жобаға қол жеткіздік. Оның біріншісі Түркия ұлттық қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның қорғаныс министрлігінің Казақстан инжиниринг компаниясы, ИДА холдингімен үшжақты келісімге қол қойдық. Келісім аясында Ақтауда кеме зауыты салынатын болды. Бұл стратегиялық келісім. Екі елдің арасында бұндай келісім алғаш рет жасалып отыр. Екіншісі қорғаныс саласындағы келісім. Жалпы біз қазір Қазақстанда медицина, тасымал мен қорғаныс саласындағы жобаларды жүзеге асырып отырмыз. Осы салада, заманауи технология мен ноу-хауды енгізіп келеміз.

Елімізде инвесторлар үшін өте қолайлы әрі заманауи институционалдық орта қалыптасқан. Енді басымдық берілген инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсету керек.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Түрік инвесторларының Қазақстанда жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Енді оларға Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы тіркелуге болатын жаңа платформа ұсынылып отыр. Бұл әріптестік аясын тіпті кеңейтеді. Алдағы уақытта Түркия мен Қазақстанның ортақ инвестициялық қоры құрылмақ. Сондай-ақ, екі елдің бірлескен даму банкін ашу көзделіп отыр.


Кездесулер барысында Қазақстанда логистикалық компаниялардың кеңселерін ашу мәселесі айтылды. Ауыл шаруашылығы саласында да әріптестікті нығайтып, оған қажет техникаларды да болашақта бірлесе өндіруге, бұл бағытта тәжірибе алмасуға келісім жасалды.
 
Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Түркістан қаласында келісімдер өтіп 1 миллиард долларға келісімдер жасалып қойды. Бірақ онымен тоқтап жатқан жоқпыз. Тағы да инвестиция саламыз деп, жаңа жобалар әкеліп көрсетіп жатыр. Оған да біз оң көзбен қарап отырмыз. Алла амандығын берсе осы биылдан бастап қарқынды жұмыс басталып, жобалардың бір шетін биылдан бастап көреміз деп ойлаймыз.

Өткен жылы Түркиямен тауар айналымы 33 процентке өскен. Алыс-беріс көлемі пандемия алдындағы 2019 жылдан да асып кеткен. Осы жылдың бірінші тоқсанында тіпті 85 процентке жеткен. Бұл өте жоғары меже.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Қазіргі күні біз байқап отырмыз экономикалық саясат өзгеріп жатыр. Экономикалық география да өзгеріп жатыр. Біздің транзиттік потенцияалды арттыруға мүмкіншілік беріп отыр. Транскаспий бойынша сауда айналымы да көтеріліп жатыр. Бұл мүмкіндіктерді біз қолдану керек.

Тағы бір жағымды жаңалық. Қазақстан мен Түркия қорғаныс саласындағы әріптестікті арттырады. Мысалы бізде әлем елдерінің бірінде шығарылмайтын Анка ұшқышсыз ұшатын аппараттары құрастырылып, жиналатын болды. Бұл аппарат жаһанға әйгілі болған Байрактардан мықты әрі заманауи.

Жұрағат БАМАН, ТІЛШІ:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған екі елдің инвестициялық әріптестігі 10 миллиард долар болуы тиіс деген меже қойды. Бұл мақсат биыл орындалуы тиіс. Оған сенім бар. Себебі бірінші тоқсанның өзінде Түркістанда инвесторлардың кездесуінде 1 миллиард доллардың келісімі жасалған.


Ж. Баман