Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы қаласының тұрғындары ауыз суға зәру

AstanaTV
12.05.2022ж. 20:00
1743
Алматы қаласының тұрғындары ауыз суға зәру

Алматы қаласының тұрғындары ауыз суға зәру. Бүтін бір ықшамаудан әлі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Елдімекендегі  мәселе мұнымен де бітпейді дейді тұрғындар. Олардың жанайқайын тілшіміз жеткізеді.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қала тұрғындары суды, міне, осындай құдықтардан алып ішуге мәжбүр. Жер астынан шыққан топырақ аралас, лас  суды тазарту үшін де біраз уақыт кетеді дейді олар. Тіпті, оның өзі де тартылып, бітуге шақ қалған.
 
Бір жыл бұрын  жекеменшік компания аймаққа құбырлар жүргізген. Бірақ суды әр үйге кіргізу үшін  370 мыңдай теңге  қаражат сұрайтын көрінеді. Мұны қалтамыз көтермейді дейді тұрғындар.  

Нұрмұхаммед НАРЫМБЕТОВ, ТЕРЕКТІ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің, мысалы, жағдайым жоқ 370 мыңға қосатын. Біз үйде құдықтан су алып жатырмыз. Бұл не масқара, қалада тұрып? Алатау ауданына кіріп отырмыз, 8 жыл болды осы ауданға кіргенімізге. Әлі суға қол жеткізе алмай отырмыз.

Компания өкілдері су құбырын үйге кіргізу құнының жоғары болуын   құрылыс материалдарының қымбаттағанымен түсіндіреді.   Оған қоса, жалдамалы техникалар мен жұмысшылардың айлығы бар.    

Қыран ДУАНБЕКОВ, ЖШС ӨКІЛІ:


Бұған дейін жылда материалдың көтерілуіне байланысты біз қымбаттатамыз. Өйткені, жұмыстардың бәрін өз күшімізбен істейміз. Бізге ешқайдан ешқандай көмек келіп жатқан жоқ.


Теректінің мәселесі мұнымен бітпейді. Тұрғындардың айтуынша,    кәріз жүйесі  жоқ.   Көшенің жарығы да жиі істен шығып қалады дейді.  Жол да дұрыс емес. Жоғарыдан қайыр болмаған соң, жұрт өздері қаржы жинап,  сәл жөндеген болыпты.

Арман ТОҚТАСЫНОВ, ТЕРЕКТІ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Негізі басында жолымызды өзіміз жасағанбыз ақша шығарып. Жақында су кіргізді де, барлығының быт-шытын шығарды. Суға көршілер уайымдап отыр, барлығы ақшаға кеп тіреледі. Осыны қолжетімді қып кіргізіп берсе екен дейміз. Одан кейін жолымызды да жасап берсе.

Алатау әкімдігі өкілінің айтуынша,  аймаққа орталықтандырылған су және кәріз жүйесін жүргізу үшін  жобалық - сметалық құжаттама жасалған.  Тіпті, мердігер мекеме де анықталған. Алайда, құжаттарға түзетулер енгізіліп, соған байланысты құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтады.

Алмаз КЕҢЕСБАЙ, АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ КОММУНАЛДЫҚ-ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі уақытта Теректі шағын ауданында 77 км жалпы ұзындығы, оның ішінде 44 км су, 33 км кәріз жүйесін жүргізу бойынша Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының тарапы нақты тапсырыс беруші солардан байланысты. Жыл сайын өтінім беріледі. Орталықтандырылған су және кәріз жүйесі енді жүргізілетін болады.


Ашынған халық егер мәселені шешуге қала әкімдігінің шамасы келмесе, шағын ауданымызды облысқа қайтарсын деп отыр.  Себебі, 2014 жылға дейін Теректі өңірі Алматы облысы Қарасай ауданының құрамында болған.