Шымкентте жыл басынан бері 1 адам пойыз астына түсіп, қаза тапқан. 3 адам жарақаттанған. "Олардың барлығы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Көпшілік темір жолдың белгіленбеген жерінен өтуін қоймайды",- дейді мамандар. Шойын жол бойында ұйымдастырылған рейд кезінде де ереже бұзушылар жиі кезікті. Тұрғындар неге төте жолды таңдайды? Тараптардың пікірі келесі бейнематериалда.
Мамандардың ескертуін елегендер де болды, елемейтіндер де кездесті. Шойын жолды төтесінен кесіп өтетіндер- негізінен темір жолға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары. Бұл олар үшін жол қысқартудың амалы екенін жасырмайды. Бір жолға ескерту жасалды. Жыл басынан бері 442 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, 22 адамға айыппұл салыныпты. Мамандардың мәліметінше, жыл сайын ондаған адам абайсызда пойыз астына түсіп қалады. Жыл басынан бері төрт адам жазатайым жағдайға душар болса, соның біреуі қаза тапқан.
Нұрлыбек РАИСОВ, ШЫМКЕНТ СТАНСАСЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Олар енді көбінесе түнгі уақытта орын алуда. Алкогольді ішімдіктерін ішіп алып, темір жолдың бойында жүріп, құлақтарына наушник тағып, сондай жағдлайлар арқасында сондай өлім оқиғасына алып келуде.
Теміржолшылар 2015 жылы елдімекендер маңынан өтетін жолдарды темір сымдармен қоршаған. Бірақ жұрт оған да қарап жатқан жоқ, сондықтан мәселе шешілмей келеді дейді.
Мұхтарбай БИТЕМІРОВ, ШЫМКЕНТ МАГИСТРАЛЬДІ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
Ереже бұзу фактілерін болдырмау үшін ҚТЖ тарапынан үлкен қомақты ақша бөлінген. Сөйтіп 48 мың 460 метр қоршаулар салынған болатын. Бүгінгі таңға мысалыға ол жерде өткелдердің жетіспеушілігінен болуы керек енді, сол жергілікті тұрғындармен бірәзі бұзылған олардың.
Шойын жолдар маңын қоршауға 94 млн теңге жұмсалған. Алайда оларды сындырғаны аздай, ұрлау деректері де көп көрінеді. Соңғы төрт жылда 1 шақырымдай қоршау қолды болып, 12 млн теңгедей шығын келді,- дейді теміржолшылар. Ал қайғылы жағдайдың алдын алудың бір амалы -арнайы жер асты немесе жер үсті өткелдерін салу. Ондай өткелдер Шымкентте көп емес. Барының өзі кеңес заманынан қалған. Бірақ оларды жаңартып, көбейту жергілікті әкімдік тарапынан атқарылуы тиіс шаруа көрінеді.
А. Төребекқызы