Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстанда 20 мыңнан астам жасөспірім бірегей бизнес дағдыларға үйренген

AstanaTV
13.05.2022ж. 20:00
1197
Қазақстанда 20 мыңнан астам жасөспірім бірегей бизнес дағдыларға үйренген

Елімізде дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалар әлеуметтік бизнес дағдыларға бейімделуде.  Бүгінде 20 мыңнан астам жасөспірім SAMGAU бағдарламасы бойынша түрлі кәсіптің қыр- сырын меңгеріп үлгерген. Олар- балалар үйінің тәрбиеленушілері мен  мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер. Қоғам осал топқа жатқызса да, озат болғысы келетін жеткіншектердің идеясы көп.

Бұл- Қарағанды облысындағы көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп- интернаты. Мұнда 100 ден астам бала оқиды.  Олар он саусақтың көмегімен виртуальды әлемді меңгерген. 10 –сыныпта оқитын Әмір Мұратбеков SAMGAU бағдарламасы бойынша цифрлық дағдыларды дамыту жобасына қатысты. Мектеп бітірген соң ақпараттық технология мамандығы бойынша білім алмақшы.

Әмір МҰРАТБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №1 АРНАЙЫ МЕКТЕП- ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:

 
Компьютерде бірден он саусақпен қаріп теруді үйренгем. Арнайы бағдарламамен кітап оқу, музыка, кино көшіріп қана қоймай бағдарламалау негіздерін де оқыдым. Ақпараттық технологиялар колледжіне оқуға түсіп, жақсы маман болғым келеді. Қазір бұл сала сұраныста.

Мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің тәрбиеленушілері қолөнер саласы бойынша кәсіп ашуды армандайды. Игорь Кухаренко бастаған топ жіптер мен моншақтардан әшекей бұйымдар- жапқыш, майлықтар мен тірек- қимыл ауруларын емдейтін құралдар жасайды.

Игорь КУХАРЕНКО, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Бір майлық- 895 теңге. Материалды өзгертуге болады, жапқыш, жастық, жиһаз қаптауға болады сәндік бұйым ретінде. Болашақта жиһаз кәсібімен айналысқым келеді. Сол кезде қажет болады деп ойлаймыз. Ал моншақтармен жасалған массажерлар кішкентай балаларды емдеуде медицинада да қолданылады.   


Нұрлыбай НАУРЫЗБАЕВ, «ЖАСТАР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Міндетті түрде олар бір кәсіпкер болып кетеді деген ой да емес. Негізгі мақсат олар шынайы өмір бір нәрсе  жасап көруге деген мүмкіндік беру. 12- 13 жастағы балалар жаңағы экология мәселесін қозғап бірақ ең түбінде жаңағы экопакеттер бар ғой шопре дейма не дейді соны тігумен айналысады. 
 

Елімізде 20 мыңнан астам жасөспірім SAMGAU бағдарламасы бойынша түрлі кәсіпке машықтанған. Ал 4 жүзден астамы жоба ұсынып,  кейбірі ақшалай грант ұтқан. Жоба БҰҰ-ның Балалар қорының қолдауымен жүзеге асуда.

Летисия БАЗЗИ- ВЕЙЛ, ЮНИСЕФ-ТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жобаның мақсаты тереңде жатыр. Ол болашақта үлкен бизнеске баулуды көздейді. Балалар тренинг, семинарларға қатысып, тәлімгер сабағына қатысады. Алғашқы екі кезеңнен өткендер 3 ай тәлімгерден тегін сабақ алады.


Ұйымдастырушылар бағдарламаға ең алдымен қоғамның осал топтарын тартады. Олар - балалар үйінің тәрбиеленушілері мен  мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер,  шалғайдағы ауыл мектептерінің оқушылары. Бүгінге дейін 70 -тен астам білім мекемесі қамтылған.

А. Қуаш