Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жыл басынан 195 адам суға батты, оның 75-і балалар...

AstanaTV
02.07.2016ж. 20:00
2895
 Жыл басынан 195 адам суға батты, оның 75-і балалар...

Суға ағып кетіпті деген хабар күнде дерлік тарайды. Әсіресе балалар туралы естігенде жаның түршігіп ғана қоймайды. «Ата-аналары қайда қарап жүр?»,- деп күйінесің. Өткенде естеріңізде де, Алматыда, бір отбасы Алма-арасын шатқалына барып демалғанда, 9 айлық сәбиді 15 жастағы әпкесі өзен жаққа алып барып суретке түспек болғанда баланы қолынан түсіріп алып, бөпенің арқыраған өзен суына ағып кеткені. Секундта болатын оқиға...

Өзен-көлдің жағасына демалуға барып, ішімдік ішіп алып, тізеден келетін суға түскендей, қойып кететіндер қаншама. Ондайлар өмірінің нүктесін қояды.

Өмірге соншалықты жауапсыз қараудан, салғырт-салақтықтан желкілдеп алда келеміз... Құтқарушылар көп ретте құтқарушы емес. Денені тауып беретіндер... Абзал Құрманкин жалғастырады.

Есіл жағасында төтенше жағдай. Жергілікті құтқарушылар үш күннен бері тоғыз жастағы қызды іздеумен әлек. 3-сынып оқушысы атасымен бірге балық аулауға барып, абайсызда өзенге құлап кеткен. Екпінді ағыс нәзік жанды бірден тартып алған. Іздеу шараларына дереу кіріскен сүңгуірлер өзеннің түбін тінттсе, құтқарушылар мен иісшіл иттер Викторияны жағалауда іздеп жүр. Бірақ нәтиже жоқ....

Ал Шымкентте 4 жасар қыз бала көше ортасындағы каналға түсіп кеткен. Оның жоғалғанын байқаған анасы мен көршілері лезде құтқарушыларды шақыртқан. Төтенше жағдай мамандары балдырғанды  іздеп табуға тырысты. Бірақ, діттегендері іске аспады. 2 сағаттан соң балғынның денесі табылды.

 Суға батқан кісіні тек алғашқы 5 минуттың ішінде ғана ажал аузынан алып шығуға болады екен. Артынша денедегі оттегі таусылып, адам тұншығып қалады. Демек, күндерге созылатын құтқару операциясы шын мәнінде адамдарды аман алып шығу үшін емес, мүрдені табу мақсатында жүргізілетінін судан құтқару қызметінің өкілі растап отыр.

Бисембай Жексенов, ҚР ІІМ ТЖД Астана қаласы орталық аймақтық аэромобилді жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:

Батқан адамды қанша уақыт өтсе де, оның ағайын тумалары, әке-шешелері оның 1 күн өтсін, екі күн өтсін, бір жұма өтсін оны әлі тірі деп, судың астында болса да, солай сеніп жүреді. 5 минуттан артық судың астында болған кісіні ол дүниеден кері қайтарып алу өте қиын. Бізідң енді жағдайымыз сол деген ата-енесіне ең соңғы сапарға шығарып салу үшін денесін уақытында жылдам тауып беру.

Құтқарушылардың ортақ ережесіне сәйкес, сүңгуірлер батып кеткен адамды алдымен 3 күн судың астында іздейді. Егер де таппаса, іздеу шаралары өзен-көлдердің бетіне көшеді. Кейде мүрдені табу үшін 40-50 шақырым жерге баруға тура келеді, дейді олар.

2016 жылдың қаңтар-маусым айлары 195 адам суға батты, оның 75-і балалар. Маусымның 30, шілде 1-2-сі күндері елімізде 5 бала суға батып кетті. 37 жағдайда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырған.) Бұндай қайғылы оқиғалар елімізде тым көп. Жыл басынан бері Қазақстанда 195 адам су құрбанына айналса, оның 75-і балалар. Бұл көрсеткіш биыл артпаса, кемитін түрі жоқ. Былтырмен салыстырғанда балалардың суға батуы 1,5 есе өскен. Статистикаға сүйенсек, көп жағдайда ата-аналар балаларын өзен-көлдердің маңайында қараусыз қалдырады екен.

 Қайғылы жағдайлардың салдарын жиі көріп тұратын тәжірибелі дәрігер Жарылғасын Бектасов балалардың батып кетуін әке-шешелердің енжарлығынан көреді. Отбасымен тынығуға шыққан адамдар көбінесе балаларының аман-саулығына емес, тентек суға мән береді, деп санайды ол.

Жарылғасын Бектасов, Астана қалалық №2 балалар ауруханасы жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:

Демалысқа барады, қаланың сыртына шығып. Әке-шешелері балаларына көңіл аудару керек. Енді жасыратын не бар, олар арақ та ішеді демалғанда. Көңіл азаяды балаға, сөйтіп балалар басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін. Сол көңіл аударып, қауіпсіздікті әр қашанда сақтау керек.

Қазақстанда балаларына бей-жай қараған ата-аналарды жауапкершілкке тартатын заң бар, әрине. Бірақ салғырттық танытқан әке-шешелер әкімшілік айыппұлмен құтылып кетеді. Ал парызын дұрыс орындамаған ата-аналарды шын мәнінде жазалау үшін шикі заңдарды қатайту керек.

Жалпы, адамдардың суға кету оқиғалары кісі шошитындай көбейгесін, адамдарға қалта қағатын шаралар әсер ететінін ескере отырып,  мынадай жаза қолданылмақ  - 1-шілдеден бастап тыйым салынған жерде суға шомылған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Енді күнде өзен-көлдердің жағалауында рейд шаралары жүргізіліп отырады.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД бас маманы:

Ресми жағажайлардан өзге аумақтарда шомылған азаматтар 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Өзен көлдердің маңайында ішімдік тұтынған адамдар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Енді ішкі істер департаменті, төтенше жағдай қызметі мен прокурорлар бірлесіп, күнде сағат күндізгі 3-тен кейін рейд шығып отырамыз.

Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, су құрбанына айналған адамдардың барлығы жағажайдан тыс жерде шомылған. Яғни, адамдар ресми рұқсат етілген аумақтан гөрі, қауіпті жерлерді таңдайды. Олар экстремал емес әрине. Тек рұқсат етілген жерлер алыстау болуы мүмкін. Сондықтан жақын маңайда орналасқан өзен-көлдерде малтуды жөн санайды. Ал оның соңы бір күні болмаса бір күні жақындарының жылап қалуымен аяқталуы мүмкін. Мәселен, Қызылжарда шомылуға рұқсат етілген екі жер бар. Біреуі шаһардың оңтүстігіндегі Алакөл көлі болса, екіншісі Есіл өзеніндегі қалалық жағажай.  Соңғысын көктемде су басып, тасқынның беті әлі қайтқан жоқ. Тұрғындар алыста орналасқан Алакөлге баруға ерініп, қаланың маңайында ағып жатқан Есілдің кез-келген жағалауына бара салады. Бірақ қауіпсіздікті ойлап жатқан ешкім жоқ.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД бас маманы:

Қызылжар маңында екі жерде ғана суға түсуге болады. Алакөл көлі мен Есіл жағажайларында. Қазір біз Есілдің тартылуын күтіп отырмыз. Жағажай ресми түрде ашылғасын, құтқарушылардың станциясы ол жерде қайтадан жұмысын бастайды.

Ал Қостанай қаласында жеке-меншік жағажайларының саны көбеюде. Яғни, тұрғындар үшін қауіпсіз шомылу аумақтары ашылып жатыр. Судан құтқару қызметі болса, бәрін бірдей қадағалау үшін жағажайлардағы станциялардан бас тартып, таза рейд шараларына көшкен.

Аиб Базарбаев, Солтүстік аймақтық аэромобилді жедел-құтқару жасағының басшысы:

Бүкіл жағажайларда құтқарушыларды отырғызып қоюға болмайды. Онша маман жоқ бізде. Ал рейд кезінде біз өзенде жүзіп, бәрін бақылап отырамыз. Мысал ретінде, жақында Лисаковск қаласында біз бір жігітті рейд кезінде құтқарып алдық.

Әйткенмен, тығырықтан шығу жолдары барлық өңірлерде қолға алынып жатқан жоқ.  Ал суға ағып кететіндер, оның ішінде балалар өте көп. Қызылжарлық Викторияның денесі Петропавлдан 12 шақырым жерде табылған. Жақын жұрағаттары ақтық сапарға шығарып салды. Ең өкініштісі, «сары белбеудің» иегері каратэші қыздың енді дан бойынша өсе алмайтыны емес, ең өкінішістісі, өрімдей өмірдің үзілгені...

Абзал Құрманкин «Біздің уақыт».