Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Теріскейліктер жауынның аздығынан егін көлемін азайтуға мәжбүр

AstanaTV
20.05.2022ж. 20:00
2009
Теріскейліктер жауынның аздығынан егін көлемін азайтуға мәжбүр

Теріскейде жердің ылғалдылығы соңғы 5 жылда бір жарым есе төмендеген. Осының салдарынан егін көлемі азайған.  Шаруалар биыл тірлігіміз тіктелмесе, банкротқа ұшыраймыз деп дабыл қағуда. Ал ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты жерді өңдеу технологиясын жаңартуға кеңес береді.   Синоптиктердің биылғы болжамы қандай?  Қуаңшылық болмай ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин сала мамандарымен тілдесіп, табиғи апатты болдырмаудың жолдарын білді.

Владимир Гуменик 30 жылдан бері диқаншылықпен айналысады. Бұрын-соңды мұндай болмаған дейді.  Айтуынша, жауын-шашынның  азаюы егін сапасына кері әсер етуде. Климаттың өзгеруіне байланысты диқандар дақыл егудің басқа технологиясын қарастыруға мәжбүр.

Владимир ГУМЕНИК, ШАРУА:

Былтыр егін шығымдылығы гектарынан не бары 9-15 центнерден ғана болды. Енді биылғы жылға үміт артып отырмыз. Қазір жердің бетінде ылғал бар. Су мөлшері егіннің шығуына жетеді. Бірақ өсіп-өну үшін жауын керек. Егер былтырғыдай жаңбыр болмаса, жүздеген шаруаның жағдайы тығырыққа тіреледі.  

Жауын-шашын мөлшерінің кемігенін казгидромет мамандары растап отыр. 2017 жылмен салыстырғанда топырақтың ылғалдылығы 167 мм-ден 112-ге дейін азайған. Климат әсіресе соңғы бір жылдың ішінде қатты өзгерген. Күзде жауынға жарымадық, қыста қарға қарық болмадық дейді. Ал қазір шаңды дауыл жиі болып тұр.  

Дәурен ҚОСШЫҒҰЛОВ, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сараптама қорытындысына сәйкес, топырақтың ылғалдылығы 17 мен 120мм-дің аралығында. Бұл өте төмен көрсеткіш. Топырақтың бір метр тереңдігінде мүлде ылғал жоқ. Әсіресе Ақжар ауданының жағдайы мүшкіл. Егер ол жақта жаңбыр болмаса, егін күйіп кетеді.

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Мұхтар Әшірбеков топырақ ылғалдылығының төмендігіне табиғи құбылыстан бөлек антропогендік фактор әсер етті деп санайды. Яғни, диқандар  жердің құнарлығына аса мән бермейді. Бұл болашақта экологиялық апатқа әкелуі мүмкін, дейді.


Мұхтар ӘШІРБЕКОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Біріншіден, тек монодақылды өсіре бермей, тек бидай немесе арпа дақылын, міндетте түрде ауыспалы егіс жүйесін сақтау керек. Екіншіден, тыңайтқыштарды қолдануды оңтайландыру қажет. Ылғал жабу, қысты күні қар тоқтату, егістікке дайындау алдындағы барлық агротехникалық шараларды тиімді, әрі сапалы дер кезінде жүргізу қажет.  

Топырақ құнарлылығы жойылмай тұрғанда, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға және жерді тыңайтуға ерекше мән берген жөн. Осыны ескергенде ғана, қуаңшылықтың алдын алуға болады дейді ғалымдар.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Былтыр облыс бойынша  небәрі 160 мм шамасында жауын жауған.  Казгидромет мамандарының болжамынша биыл да сол шамада  болады. Теріскейліктер енді  кебір топырақты жібітіп, қураған даланы көгалдандыру үшін  тасаттық рәсіміне   жүгінбек.

А. Құрманкин