$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Экологтар қоқыс полигонын жабуды талап етіп отыр

AstanaTV
23.05.2022ж. 20:00
1998
Экологтар қоқыс полигонын жабуды талап етіп отыр

Петропавлда экологтар қала маңайында орналасқан екі қоқыс полигонын жабуды талап етіп отыр. Егер қоқыс қоймалары жабылса, жұрт тұрмыстық қалдығын қайда тастайды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тараптарды шағымын тындады.

Жырға айналған қоқыс мәселесі Қызылжарда қайтадан үлкен дауға айналды. Экология департаменті Петропавлдағы жалғыз полигонды уақытша жауып тастамақ. Себебі мекеме өкілдері қоқыс алаңының ортасынан шыққан өртті ауыздықтамай жатыр, дейді. Сондай- ақ, тұрмыстық қалдық мұнда сұрыпталмай жатқан көрінеді. Ал Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының қоқыс полигоны мүлде заңсыз жұмыс істеп келген екен.

Азамат БЕКТАСОВ, СҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Заңсыз қоқыс үйіндісі 2021 жылы Бескөл ауылдық округіне тексеріс тағайындалып, жүргізілді. Оның барысында полигонға рұқсат қағаздардың жоқ екені анықталып, әкімдікке айыппұл салынып, нұсқама берілді. Бүгінгі күні бірінші шілдеге дейін сот шешімі бойынша тұрмыстық қалдықтарды түгелдей жою қажет.

Бескөлге тиесілі полигонға төрт бірдей ауылдың қоқысы төгіледі. Бірнеше жылдан бері қалыптастқан алаңда бүгінде 200 мың тоннаға жуық қалдық жиналған. Оны басқа жаққа көшіруге мүмкінді жоқ, дейді ауыл атқамінері. Себебі, маңайда елді-мекендер мен өзен-тоғайлар орналасқан.

Қанат ДӘРІБАЕВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Көрші округтардың аумағында ҚР экологиялық кодексіне сәйкес полигон салуға жер жоқ. Бұл бағытта бір жұмысты жүргізіп жатырмыз. Бірақ түбегейлі шешіледі деп ойламаймын.  Өйткені бұл жоғары деңгейде шешілетін мәселе.


Ал Петропавлға тиесілі қоқыс қоймасының өкілдері ресми жауапқа қатысты сараңдық танытты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Экологтар талабының әзірге орындалмайтын түрі бар. Себебі, қос полигон жабылса, аймақта қоқыс мәселесі нағыз коллапсқа айналуы мүмкін. Айта кету керек, облыста 450-ге жуық полигонның 16-сы ғана ресми рәсімделген.


А. Құрманкин