Елордаға халыққа қызмет көрсететін орталықтан құжаттарын рәсімдей алмай жүргендер шу шығарды. Олар негізінен еңбек мигранттары және оларды шақыртып алған отандастарымыз. Наразы топ уақытша тұру мерзімін ұзарта алмай жүргендеріне шағымданды. Маусымдық жұмысқа келген жұмысшылар өтініштің қабылданбай, себепсіз кері қайтарылғанын түсіне алар емес. Енді олар рұқсатсыз тұрған әр күнге 79 мың теңге айыппұл төлуге мәжбүр.
Елордалық Нұрсұлтан Мұсабаев осыдан 3 ай бұрын Өзбекстан мемлекетінің 2 азаматын шақырып, үйінің құрылысын бастаған. Жұмысшылардың уақытша осыда тұруға рұқсат қағазының мерзімі аяқталған соң, ұзартуға келген. Бірақ ісі өнер емес.
Нұрсұлтан МҰСАБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қағаздарды береді. Толтырыңдар дейді. Толтырасың, қабылдайды. Ертесіне құжатты алуға келсек, сізге отказ дейді. Не себепті десек, міне, ешкімде себебі жоқ. Себебі көрсетілмейді.
Дәл осындай мәселемен келгендердің қарасы қалың. Еңбек мигранттары орталыққа таңмен таласып келсе де, тек кеш қарая ғимаратқа әрең кіріп жатқанын айтады. Кезегі келіп, кірген күннің өзінде құжаттарын рәсімдей алмай жатқандарына ашулы. Айтуларынша құжаттарын заңға сай реттемесе, еңбек мигранттары ғана емес жұмыс берушілер де айыппұл төлеуге мәжбүр. Әр күнге 79 мың теңге төлеуге шамамыз жоқ деп отыр.
Жанагүл ЕРНИЯЗОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұған штраф төленуіміз керек. Штрафты қалай төлейміз? Біздің беріп отырған айлығымыз штрафтарын төлеуге жетпейді. Бала-шағасына тамақ үшін келді, жұмыс үшін келді. Сонда олар қайдан апарып береді ақшасын?
Азаматтарға арналған үкімет бұған біздің қатысымыз жоқ деп ақталды. Құжаттарды рәсімдеудегі кедергілер, қажетті операциялардың бір министрліктен екінші министрлікке ауысуымен түсіндірді. Бұған дейін еңбек мигранттарының мәселесімен ішкі істер министрлігі айналысса, енді бұл құзырет еңбек ведомствосына жүктелген.
Бағлан ОРАЗБАЙ, АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ САПАНЫ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қызметті көрсету барысында бас тарту, болмаса өтініште көрсетілген талаптарға сай қызмет көрсету - мемлекеттік орган қызметкерлеріне байланысты. Құжатты беру және алу - біздің міндетіміз.
Қызығы, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон басқармасының да бұл мәселеге қатысы жоқ боп шықты. Комитеттің бас сарапшысы 16 сәуір күні заңға бірқатар өзгерістер енгенін айтты. Ол “жаңа заң бойынша мигранттардың уақытша тұруына рұқсат беретін басқарма біз емес, жергілікті атқарушы орган болып өзгерді” дейді.
Берік ЕСҚАРАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Біздің басқарма берілетін рұқсаттардың қағидасын әзірлейміз. Осы жылдың басынан бастап еңбек мигранттарына рұқсат беру, мемлекеттік қызмет көрсету Жергілікті атқарушы органдарға өтті.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Жергілікті атқарушы органдарға да хабарластық. Қалалық әкімдік арнайы жазбаша хат талап етті. Жалпы, ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 16 мыңға жуық мигрант жұмыс істейді. Олардың арасында Қытай, Өзбекстан мен Түркия мемлекеттерінің азаматтары көш бастап тұр.
А. Задабек