Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбеде жүзден астам отбасы күйсіз жатақхананы паналап отыр

AstanaTV
24.05.2022ж. 20:00
1529
Ақтөбеде жүзден астам отбасы күйсіз жатақхананы паналап отыр

Ақтөбеде жүзден астам жанұя әбден азып, күйі кеткен жатақхананы паналап отыр. Көпқабатты үйдің шатыры жұқарған, жаңбыр жауған сайын пәтерлер суға толады, дейді тұрғындар. Не төбесі, не жертөлесі келіспеген. Жұрт жауапты адам ақша жинағаннан басқа түк бітіріп жатқан жоқ деп шағым айтты. Ал, үй басқарушысы кінәнің бәрін тұрғындарға артып әлек.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Жатақхана дәлізінде қорқынышты кино түсірсе артық декорацияның қажеті жоқ. Осындай жағдайда жүзден астам отбасы тұрып жатыр. Олардың басқа баратын жері жоқ.

Бесінші қабатта тұратын Насиба Үбиева таң атқалы төбеден аққан суды сүртіп әлек. Аядай бөлме ылғал тартып тұр. Соның кесірінен  қырқынан шықпаған сәбиінің өкпесіне салқын тиіп, ауруханада жатып шықтым, дейді келіншек. Насибаның көршілері де қолынан шелек пен шүберек тастамайды.

Құдайберген ӨМІРСЕРІКҰЛЫ, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:

5-4 этаждарда 10 легеннен қойған, мына жартысының өзіне. Сарылдап су ағып жатыр.  Жертөле шіріп жатыр, біреуінде әйнек жоқ. Подъездерді қара. Снаряд кіріп кеткендей.

Орынгүл АҢЫЗБАЕВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:

Тоқтардың бәрі жалбырап тұр. Кімге айтарымызды білмейміз. Айтқан адамды, проблеманы айтса, блогқа салып тастайды, иә жауап бермейді дұрыстап.

Әбден азып, тозып, түрі кеткен жатақхана шын мәнінде соншалықты ескі емес. Салынғанына 40 жыл толмаған. Сөйтсе де, төбесі шұрық-тесік, жертөлесі нәжіске толған, коммуналдық проблемасы шаш етектен. Тұрғындар бұған кондоминиум басшысын кінәлайды.

Жангүл ЖАУЛИНА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:

Кск жұмыс істемейді. Ақшасын крышаға деп, төменге деп 10 мың, 20 мың төледік. Сол ақшаға жөндеген жоқ. Жоғарыны да, төменді де. Шамалы подвалды істеген болуы керек. Халықтың төлеп жатқан ақшасының есебін бермейді.

Үй басқарушысы Ахан Қабақбаевтың өз шындығы бар. Тұрғындар техникалық қызмет ақысын төлеуге құлықсыз. Себебі, жатақхана бірер уақыт бұрын әкімдіктің меншігінде болып, халық соған үйреніп қалған. Енді шатыр жөндеуге ақша шығарғысы жоқ, дейді ол.  

Ахан ҚАБАҚБАЕВ, КОНДОМИНИУМ БАСШЫСЫ:

Мен айттым оларға, пожалуста, өздерің істеймін десеңіздер, мен әдейі 1 мамырдан бастап 1 маусымға дейін оларға уақыт бердім, араласпаймын,  ештеңе істемеймін. Біреуді сайлаймын, шақырамын десеңіздер өздерің білесіздер дедім.

Тұрғын үй инспекциясының мамандары болса тұрғындарға кеңес берумен шектелді. Тараптар ортақ мәмілеге келе алмаса, үй басқарушысын ауыстыруға құқылы деп отыр.  
 
Ақнұр ҚАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Тұрғындар егер олардың басқару органы көңілінен шығып, дұрыс жұмыс істемейтін болса, өздері қазіргі заңға сәйкес мүліктің меншік иелері бірлестігі немесе жай серіктестік құра алады. Ол үшін тұрғындардың 70 пайыз келісімі қажет.

Ал, жатақхананың іші-сыртын толықтай жаңалау үшін халықтың терможаңғырту бағдарламасына қатысудан басқа амалы жоқ. Тұрғындардың 2/3 бөлігі келісімін берсе, құзырлы орган жөндеуді қажет ететін үйді кезекке қояды.
 
Олжас ЗИЯЕВ, «АҚТӨБЕ» ӘКК ҚҰРЫЛЫС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сол келісім негізінде жергілікті орган техобследование және жобалық-сметалық құжатын жасап, әрі қарай республикалық бюджеттен осы бағытта қаражат өндіру үшін құжаттар тапсырады.

Әкімдік өкілі жатақхана жұрты ширақ қимылдаса, келесі жылы терможаңғырту бағдарламасымен жөнделетін үйлердің тізіміне кіретінін жеткізді. Бірақ мұны күйі жоқ жатақханадағылары қолдағаны мен,  жауаптылар мақұлдай ма, жоқ па - тағы белгісіз.

Г. Сейтенова