Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Елтаңбада әрбір қазақстандықтың аты жазылған

AstanaTV
01.06.2022ж. 20:00
1359
Елтаңбада әрбір қазақстандықтың аты жазылған

Елтаңбада әрбір қазақстандықтың аты жазылған. Онда өткен тарихымыз да, бүгініміз бен болашағымыз да бейнеленді. Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Елордада өткен «Мемлекеттіліктің рәміздері» атты халықаралық ғылыми конференцияда осыны жеткізді. Құндылықтарымызды қастерлеуге арналған басқосуда  алыс-жақын шет елдің сарапшылары да өз пікірлерін ортаға салды.

Жиында алдымен Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Мемлекеттік хатшы туған елге деген шынайы құрмет мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталатынын еске салды.     

Нұрғиса ДӘУЕШЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, егемендіктің басты нышаны, ұлттық рух пен қоғамдық келісімнің, сондай-ақ патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз ел төрінде нық тұрып, Әнұранымыз аспанда қалықтаса, ол мемлекет мерейі үстем, мәртебесі биік екенін, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүріп жатқанын айғақтайды.

Конференцияда мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттары мемлекеттік рәміздердің мәртебесі айшықталды. 30 жылда тұғырына нық тұрған, Тәуелсіз елдің құндылықтарын одан әрі қастерлеп, қадірлей түсу жайы сөз болды. Ресми белгілердің философиялық сыры мен мән-маңызы, терең мағынасы айтылды.

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

5 мың жыл бұрынғы біздің тарихымыздан бастап, тәуелсіздігімізге дейінгі, тәуелсіздігімізден кейінгі жастар да елтаңбаның ішінде тұр. Қазақстандықтардың барлығының өздерінің аттары елтаңбада жазылған деп айтуға болады. Елтаңбаның ішінде белес-белестер бар. Әрбір белес 100 жыл, 50 жыл деп есептесеңіз 150 жылға дейінгі бағдарлама тұр.

Төл рәміздеріміздің жер жүзіндегі танымалдығы, оның ерекшелігін әлемдік сарапшылар баяндады. Егемен елдіктің, еркіндік пен бейбітшіліктің белгісіндей болған рәміздерге ерекше баға берді. Бір қуантарлығы жиында жастардың белсенділігі жоғары болды.

Ботагөз ҚАЙЫПОВА, ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз үшін қуанышты жәйт конференцияға жан-жақтан жастардың қатысуы. Онлайн байланыс арқылы еліміздің барлық ЖОО, сонымен қатар шетел сарапшылары сырттан Қазақстанға келіп, бізді сараптап өтіп, өз пікірлерін білдіруде.  

Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы тағылымды шаралар легі жыл бойы жалғасын табады дейді.  
 
Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:

Мемлекеттік рәміздеріміз - қазақ елінің өзіндік өмір салтын, тарихы мен тағдырын, болмысындағы ерекшелігін, ұлы мақсатқа ұмтылысын, өзгелермен қарым-қатынас орнатудағы бейбіт мұратын айқын бейнелейтін қасиетті құндылық, қастер тұтар жәдігеріміз. Теңдіктің тірегі, елдің жүрегі болған рәміздеріміз ғасырлар бойы қазақ тағдырымен тамырласып, тірлігімен астасып, бірге жасай беретіні анық.

Ә. Бердібеков