Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Нұр Отан» партиясының қатары толықты

AstanaTV
05.07.2016ж. 20:00
2020
«Нұр Отан» партиясының қатары толықты

«Нұр Отан» партиясының қатары жас ғалымдар, инженерлер, жұмысшылар, кәсіпкерлер, спортшылар, ұстаздар, дәрігерлер және әртістермен толықты. Олар «Назарбаев университетінің» ұстаздары мен ғалымдары, ұлттық медициналық холдингтің дәрігерлері, «Астана-операның» әртістері мен индустияландыру бағдарламасы аясында ашылған өндіріс қызметкерлері. Барлығы 21 адам. Астана күніне орай саяси ұйымның бас кеңсесінде партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партия билеттерін салтанатты түрде табыстады.

Елдің белді партиясына мүше болуға асыққандар арасында жастар көптеп көзге түседі. Сондықтан партия билетін тапсырған саяси ұйым төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жас буынның саналы түрде жасаған саяси таңдауына қуанышын білдірді. Партия билетін алғандардың қатарында "Астана" телеарнасы жаңалықтарының жүргізушісі Сандуғаш Сұлтан да бар.

Сандуғаш Сұлтан, «Астана» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі:

Жарты жыл болды «Астана» арнасында жаңалықтарды жүргізіп жүрмін. Әр эфир сайын «Нұр Отан» партиясы жүргізіп жатқан жұмысы туралы халыққа жеткіземін. Нәтижелерін көріп жатырмын. Сондықтан менің білімім және тәжірибем Елбасы қойған мақсаттарды орындау үшін керек болады ғой деп ойлаймын. 

Нұротандық атанған өнерпаздардың бірі «Славян базарында» топ жарып, еліміздің атын асқақтатып қайтқан жас әнші - Димаш Құдайберген. Ол алдағы уақытта «Евровидение» байқауының бас жүлдесін алуға бекінген. Елдің дамуына өз өнеріммен, талантыммен ат салыссам, - дейді жас әнші.

Димаш Құдайберген, «Славян базары - 2015» халықаралық ән байқауының гран-при иегері:

Мен «Нұр Отан» партиясын ең бірінші кезекте жастар партиясы деп есептеймін. Өйткені сонау 25 жылдық тарихымызда қол жеткізген жетістіктеріміз жастарға сүбелі үлесін қосуда. Сол себепті «Нұр Отан» партиясының ең алғашқы, ең ауқымды күші жастардың күші деп есептеймін. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының болашағы біздің қолымызда деп ойлаймын.

Асылжан Жәкешов, локомотив депосының шебері:

Елбасымыз "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына артқан сенімі зор, алға қойған мақсаттары да мол. Оған дәлел темір жол саласында салынған көптеген зауыттар. Сондықтан Елбасымыздың қолдауымен жұмыс жасап жатқан зауыт қызметкерлерінің барлығы "Нұр Отан" партиясына мүше болуға міндетті деп ойлаймын. 

Елорда күніне орайластырылған партия билеттерін табыстау рәсімі еліміздің барлық өңірінде өтті. «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің жалпы саны бүгінде миллионнан асып жығылады. 


Айгүл ӘДЕПБАЙ