$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Референдум туралы сарапшылар пікірі

AstanaTV
05.06.2022ж. 22:00
1590
Референдум туралы сарапшылар пікірі

Референдум учаскелерінде тәртіп бұзушылық болған жоқ.  Шетелдік сарапшылар осылай дейді. Барлығы талапқа сай өткенін айтады. Сондай-ақ, таң атқаннан  дауыс беруге ағылған халықтың белсенділігі  байқаушыларды таң қалдырған.  

Ата заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетованың айтуынша,  дауыс беру – халық үшін елдегі  өткір ішкі саяси мәселелерге  пікір білдіруге зор мүмкіндік.

Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бүгінгі күн ерекше күн, әр отбасы үшін, әр қазақстандықтың өмірі өзгеретін күн деп айтуға болады. Бүгін таңертең тұрып өзіміздің сайлау учаскесіне барып дауыс бердік. Қоғамдағы алғашқы өзгерістер деп айтуға болады.  


Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары билік алдында еліміздің заң жүйесін жетілдіру міндеті тұрды. Алғаш рет 1995 жылы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Саясаттанушы Расул Жұмалы  "27 жылдан соң   қайта референдум өткізу демократияның айқын көрінісі" дейді.
 
Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Өзіме ұнағаны қандай да бір мәжбірлеусіз, жұрттың өздері келіп дауысын беріп, тіпті өзім көрген ақсақал құттықтауларын айтып, жақсы тілектер айтып жатты. Көңілден шықты. Жаңа бір істің, жаңа бір дәуірдің, саяси жаңғырудың бастамасы деп білемін.

Референдумның өту барысын бақылаушылар назарда ұстады.  Мұрат Абатовтың айтуынша,  тәртіп бұзушылық болмаған.  

Мұрат АБАТОВ, БАҚЫЛАУШЫ:

Тәртіп бұзушылық болған жоқ. Кіргенде кабинаға бір-бір адамнан келіп, білмегендер түсінбегендер сұрап жатыр.

Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдер арасындағы бірлік пен  ынтымақтастық маңызды.  Палестинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі осылай дейді.

Монтасер АБУЗЕИД, ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Бүгін-Қазақстан халқы үшін өте маңызды күн. Халық жақсы көңіл-күймен, өз еркімен  дауыс беріп жатты. Тоқаев бастаған Қазақстанды тамаша демократиялық үдеріспен құттықтағым келеді... Менің ойымша, реформалар Қазақстан үшін маңызды.

Сарапшылар референдум әлемдік тәжірибе екенін айтады. Бұл саяси науқан әрі қарай реформалар жасауға мүмкіндік береді дейді.

Ә. Дүкембаева