Спорт Қазақстан
$449.88 €486.64 ₽4.83
×

Референдум өткізуді қолдау штабының жұмысы қорытындыланды

AstanaTV
06.06.2022ж. 20:00
1136
Референдум өткізуді қолдау штабының жұмысы қорытындыланды

Саяси науқан қарсаңында «AMANAT» партиясы жанынан республикалық, облыстық және аудандық деңгейде 217 штаб құрылған. Ол еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеді.   Бүгін партиялықтар референдум өткізуді қолдау Республикалық штабының жұмысын қорытындылады.

Республикалық штаб құрамында Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және спорт саласының мамандары мен белсенді жастар болды. Бүгін ай бойы атқарылған жұмыстар сараланып, партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов пен  Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев ақпараттық-түсіндіру науқанының нәтижелері туралы айтты.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Республикалық штаб құрылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Аймақтарда 217 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасы өтті. Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жасалды.  Біз олардың санына емес, сапасына мән бердік. Конституциялық өзгерістерді  халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр.

Партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында  Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев депутаттық корпустың алдында заң шығарушылық қызмет бойынша ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті.

Павел КАЗАНЦЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Кездесулер бейресми, сенімді түрде, ашықтық пен айқындық жағдайында өтті. 6 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға баяндалатын болады.

Республикалық партиялық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, түрлі еңбек ұжымдарымен кездесті. Ал дауыс беру күні «AMANAT» партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық сайлау учаскелерінде саяси науқан барысын қадағалап, заңдылықтың сақталуын бақылады.

Ә. Бердібеков