Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Солтүстік Қазақстан облысында жылқылар белгісіз дертке шалдықты

AstanaTV
07.06.2022ж. 20:00
2334
Солтүстік Қазақстан облысында жылқылар белгісіз дертке шалдықты

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында жылқылар белгісіз дертке шалдыққан. Аурудың белгілері респираторлық вирусқа ұқсайды, дейді мамандар. Қазір ветеринарлар малдың ахуалын саралап, басы қасында жүр. Тіпті екпе жасауды қолға алған. Даладағы жануардың жағдайын аймақтағы тілшіміз көріп қайтты.

Жеті жылдан бері мал бағып жүрген Самархан Сәдуақасов мұндай дертті алғаш көріп отырғанын айтады. Екі ауылға тиесілі 400ге жуық жылқыны бағады. Соның басым бөлігі белгісіз ауруға шалдыққан.  

Самархан СӘДУАҚАСОВ, ЖЫЛҚЫШЫ:

Жөтеліп жүргеніне бір аптадан асты. Маңқасы ағады, слабость болады. Жылқы ширақ қимылдамайды, бәсеңдеп қалды. Тәбеті көрініп тұр. Оттайды, демалады.

Жылқылардан бұрын-соңды мұндай індет байқалмағанын мамандарда растап отыр. Ветеринарлар малға суық тиген кездегі ем-шараларды қолданумен шектеліп отыр. Қан сынамасын алып, зертханаға жөнелткен.  

Берік ӘЛЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі кезде біз симптоматиялық ем жүргізіп жатырмыз. Ауырған жылқыларды бөліп, антибиотик, вирусқа қарсы және жалпы организмға резистентті көтеретін екпелерді жасап жатырмыз.

Қазір жауапты тұлғалар әрбір басты тіркеп, олардың басқа табынға кетіп қалмауын бақылауға алған. Сондай-ақ, жылқылардың сойылып, базарда сатылмауын да қадағалауда.  

Александр КРАВЧУК, СҚО ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз баздарда малға екпе жасайтын арнайы қондырғыны орнатып жатырмыз. Бюджеттік қаражатқа сатып алынды. Ал екпені жұрт өздері сатып алып жатыр. Бүгінде 180 екпе бар, қалғаны жақын арада болады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сараптама қорытындысы бір-екі аптаның шамасында дайын болады, дейді сала мамандары. Қауіпті індет анықталған жағдайда ауылды карантинге жабу мәселесі қаралуы мүмкін.

А. Құрманкин