Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда құрылыс сапасына көңілі толмаған жұрт наразылық білдірді

AstanaTV
07.06.2022ж. 20:00
1887
Алматыда құрылыс сапасына көңілі толмаған жұрт наразылық білдірді

Алматылық тұрғындар былтыр пайдалануға берілген тұрғын үй кешеніне қатысты дау шығарды. Айтуларынша, «комфорт» санаттағы пәтерлердің іші қалай болса солай жасалған. Тіпті келісім-шартта көрсетілген шаршы метрлері де қысқарған. Аңсаған баспаналарын алып сағы сынған жұртпен тілшіміз тілдесіп келді.

Мына тоғыз қабатты тұрғын үй кешенінің сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Осыдан 1 жыл бұрын халыққа қоныстануға берілген үйде құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Тұрғындар бітпеген жұмыстарды өзіміз жөндеуге мәжбүрміз дейді. Солардың бірі – Гүлнәр Шәріпова.

Гүлнәр ШӘРІПОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кейбіреулерінің терезелері дұрыс салынбаған. Сынық терезе салынған. Есіктері дұрыс болмаған. Тер төгіп алып отырмыз. Бірақ артынан біз қылқылдап ананы жасатыңыздар, мынаны жасатыңыздар деп жүгіріп жүріп істетіп жатырмыз. Договорға тұрған кезде бұлар айтқан болатын, барлығы болады. Барлығы сай келеді деп.
 
Комфорт санаттағы көпқабатты үйде 592 пәтер бар. Тұрғындардың 30 пайызы қоныстанып алған. Көбі келісім-шартта көрсетілген пәтер мен қазіргісінің айырмашылығы жер мен көктей деп отыр.
 
Дархан САҒЫНБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге сатқан кезде жк комфорт класса деп сатқан. Толығымен цифровой двор, двор без машины, есік алдында аллея, прогулячная зона болады. Подземный паркинг болады. Бірақ қазір бізде подъземный паркинг жоқ. Оны под коммерческий сатып жіберге уже. Сосын дворды көрдіңіз. Дворда түк те жоқ.
 
Ақмарал НӘЗІРОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл үйлердің құрылысы бітті деп, тұрғындарға 1 жыл бұрын пайдалануға берілді. Бірақ өздеріңіз көргендей құрылыс әлі жүріп жатыр. Ешқайсысы толық бітпеген. Біткенінің өзі қирап жатыр. Бұл не деген сұмдық? Құрылысына жауапты мекемеден жауап ала алмай шаршадық.

 
Тұрғындар жеделсатыларға шақыру түймесі де орнатылмаған деп отыр. Кем-кетіктің бәрінен хабардар мердігер компания жұрттың базынасына былай жауап берді.

Алмас ТӨЛЕКОВ, ТАПСЫРЫС БЕРУШІ МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Тұрғындар кешеннің сапасына қатысты арыз-шағымдарын жазбаша жазуы қажет. Негізінен оларға пәтерлерді табыстарда қабылдау актісі деген құжат берілді. Сол бойынша жұрт қабылдап алды. Ал балалар алаңы, тұрақ мәселесі жасалып жатыр. Барлығы келісім-шарт бойынша аяқталатын болады.
 
Әйтсе де жұрттың бұған сенгісі жоқ. Олар әділдікті енді соттан іздемекші.

Ә. Лесбек