$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысына қатысты

AstanaTV
09.06.2022ж. 20:00
1099
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші отырысына қатысты. Пленарлық мәжілісте шетелдік тараптың инвестициялық саясатты іске асыру, жұмыс күшін тарту және цифрландыру, энергетика, экология және мұнай-газ саласы бойынша ұсыныстары қаралды. Әрі экономиканы декарбонизациялау мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысы кеңес халықаралық жағдайдың шиеленіскен тұсында өтіп жатқанын атап өтті. Жаһандық логистика жүйесі бұзылып, сауда соғысы туды. Мұндай кезде мемлекет пен бизнестің жаңа ойын ережесіне тез бейімделуі маңызды. Президент бұл орайда Қазақстан бәсекеге қабілеттілікті сақтап, дамудың жаңа сатысына өтті, - деді. Инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру ісі ары қарай да жалғаса беретінін алға тартты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындауға бар күшімізді саламыз. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі.

Жиынның негізгі тақырыбы -  экономиканы көміртегінен арылту және аз пайдалану технологиясын енгізу мәселесіне арналды. Бүгінгі күні  Қазақстандағы барлық парниктік газдар қалдықтарының 80%-ы қазба отындарын пайдалану арқылы энергия өндірумен байланысты. Бұл климатқа кері әсер ететін негізгі фактор. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің шешімі – энергетика саласын жаңғыртумен ғана реттелетінін айтты.  Әрі 2060 жылға дейін көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізу үшін күш жұмылдыруға шақырды.  Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров көмірден ешбір мемлекет бірден түбегейлі бас тарта алмайды, -дейді.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бізде көмір өнеркәсібінде шамамен 30 мың адам жұмыс істейді. Көмірден бас тарту оңтайлы түрде жүргізіледі, ол біртіндеп жүзеге асырылады. Өйткені, түбегейлі көше алмаймыз. Тіпті, әлемде бірде-бір ел мұны жүзеге асыра алмайды. Польшаға көмір пайдалануға квота берілген. Бірақ, бұл ел уақыты келгенде көмірді пайдалану көлемін бірден қысқартуы тиіс. «Меніңше, Қазақстан да шамамен осы жолмен жүреді. Бізге көміртегі бейтараптығына толығымен көшу үшін газ немесе атом энергиясы сынды балама көшпелі көздерді пайдалану қажет. Мұның барлығы қазіргі уақытта талқыланып жатыр.


Мемлекет басшысы кәсіпорындарды экологиялық төлемдерден толығымен босату арқылы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік берілетінін еске салды. Бұл экологиялық стандарттарға көшуге ынталандырады. Сонымен қатар, Президент жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқанына тоқталды. Елімізде 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылып отыр.

А. Съезбек