$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде 12 жастағы бала итке жем болған

AstanaTV
10.06.2022ж. 20:00
2404
Ақтөбеде 12 жастағы бала итке жем болған

Ақтөбеде 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтірді. Оның мәйітін құрылыс алаңдарының бірінен күзетші тауып алған. Қайғылы хабар қаланы дүр сілкіндірді. Оқушының туғандары биліктен шаһарды жаулап алған иттердің көзін тез арада жоюды талап етіп отыр. Ит талап өлтірген баланың өліміне кім жауапты? Аймақтағы тілшіміздің репортажы.

Айдың, күннің аманында немересінен айырылған Рахима әже қайғыдан қан жұтып отыр. Әке-шешесі күндіз жұмыста болып, үйде отыратын Мадияр ойынға тек кешке шығатын. Онда да алысқа кетпей, аулада ойнайтын еді, дейді әжесі. Кеше кешке Мадиярды анасы таба алмай қалған.

Рахима ВАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жетіге жиырма минут қалғанда мамасынан рұқсат сұрап, ойынға шыққан. 9-да ол баланы Алла тағала өзінің аманатына алған. Адам баласының жаны ешқандай қадірсіз болып кетті. Иттің жаны қымбат болып кетті. Итті атуға рұқсат жоқ деген азаматқа мен аналық атымнан лағнет айтқым келеді. Осы итті таба алмасаңыздар да, иттің иесін тауып шара қолдануларыңды сұраймын!

Әжесі шынашақтай баланы алабай талаған дейді. Полиция оның денесін сағат кешкі тоғыздар шамасында «Нұр Ақтөбе» ауданындағы құрылыс аумақтарының бірінен күзетші тауып алғанын хабарлады. Жеткіншек ол жерге кіммен, не үшін барғаны белгісіз.

Ардана САЙМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Жас баланың көп қан жоғалту, бастың, дененің, қолдың, аяқтың көптеген жарақаты түріндегі зорлықпен өлу белгілері бар мәйіттің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс тергелуде.


Мадияр оқыған №60 мектепте қаралы бұрыш жасақталған. Отбасындағы үш ұлдың ортаншысы, алтыншы сыныпты бітірген. Ұстаздары мінезі ұяң, сабақ үлгерімі жақсы бала болды дейді. Бұл оқиғадан кейін мектеп басшылығы жазғы лагерьге келіп жүрген балаларды ата-анасы жетектеп әкелсін деген талап қойды.  

Мейрамгүл ТҰРҒАНБАЕВА, №60 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Баланы алып келіп, өзінен қабылдап алып, өзіне тапсырамыз. Бірақ, сол №3 микрорайонда құрылыс көп. Менің ойымша, құрылысты қарау үшін иттер асырайды да, аш жіберетін сияқты. Біз өткенде де дабыл қақтық. Оған дейін де 1-2 ит жүргенде акиматқа, бәріне хабарлаймыз.

Суық хабар аудан тұрғындарын шошытты. Ауданды бұралқы иттер қаптағанын айтып, шағымданбаған жеріміз жоқ, дейді ата-аналар. Олар иесіз итті атуға рұқсат берсін деп талап етеді.  

Гүлнұр СЕРІКҚЫЗЫ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балдарымыздың өмірі үшін қорқып отырмыз. Иттерді атсын, мемлекет ақша бөлсін. Иттің жаны баланың жанынан қымбат емес шығар. Қашанғы ата-ана қасында жүреміз 24 сағат. Шықсын, иттерді атсын, мемлекет рұқсат берсін!

Әкімдік өкілдері қаңғы иттердің қалада көбейгенін мойындайды, бірақ шарасыз. Өйткені, ит атуға заңмен тыйым салынған. Бірақ ...

Жақсығали ИМАНҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тұрғындардан арыз түссе ғана бұралқы иттерді ату шарасы қолданылады. Жаңа заң бойынша, жануарды аулап, стерилизация жасау керек. Бұған бюджеттен 42 миллион теңге бөлінді.

Осыдан үш апта бұрын қаланың осы ауданында 13 жастағы қыз баланы ит талаған еді. Оны құрылысшы көріп, құтқарып қалған. Бұл жолы бала ашыққан иттен аман қала алмады.

Г. Сейтенова