$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде бала психологиясына зиян ойыншықтар көбейді

AstanaTV
10.06.2022ж. 20:00
3263
Елімізде бала психологиясына зиян ойыншықтар көбейді

Сақ болыңыз! Елімізде бала психологиясына зиян келтіретін қорқынышты ойыншықтар көбейді. Адам өлтіруді үйрететін, қолына қару ұстатып, қатігездікке итермелейтін мульфильм кейіпкерлерін жәй ойыншық деп қарайтындар аз емес. Шындығында сол ойыншықтар бала психологиясын улап жатқан жоқ па? Тілшіміз Аружан Задабек толықтырсын.

Айгерім Құдайбергенова - үш баланың анасы. Оның 6 жастағы үлкен ұлы қоярда қоймай «Хаги Ваги» ойыншығын алдырған. Ол қандай кейіпкер екенін түсінбесе де, ойнауға рұқсат еткенін айтады.

Айгерім ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соңғы ойындар бар ғой ютубтағы, «Хаги Ваги» деген, «Селеноголовый» деген, вот сол ойындарды басында көріп жүрген. Ойыншықтарын сұрайтын. Басында мен мән бермей, жарайды деп мән бермей жүрген едім. И түнде балаларым шошып ояна бастады. Үлкен балам шошып оянады, одан кейін кішкентай балам шошып ояна бастады.


Дүкен сөрелерінде жайғасқан қызылды-жасылды ойыншықтардан көз сүрінеді. Солардың арасында бала денсаулығына, психологиясы мен дамуына кері әсер ететін заттар да жетерлік. Арнайы мамандар ойыншықтардың тек сыртқы материалын ғана тексереді. Яғни, «аллергия тудыра ма, құрамында қауіпті қоспалар бар ма?» деген сауалдарды назарға алады.  

Хамит ҚҰДРАТҰЛЛАЕВ, АЗЫҚ-ТҮЛІК ЕМЕС ТАУАРЛАРҒА АРНАЛҒАН ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТТЕРДІ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Біріншіден, органолептикалық көрсеткіштеріне, екіншіден токсигонетикалық көрсеткіштерге, үшіншіден ол – саниториялық, микробиологиялық көрсеткіштерге, төртіншеден, физикалық факторларға, сонымен қатар, саниториялық-химиялық көрсеткіштерге және радиоциялық көрсеткіштерге таңбалау талаптарына сәйкестігіне зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

Демек ойыншықтарды бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Ол тек ата-ананың ғана жауапкершілігінде дейді психолог.

Балабек САҚТАҒАН, ПСИХОЛОГ:

Бала психикасына теріс әсерін білдірмей, ақырындап тигізетін, оның салдарлары қазір емес, адам үлкен азамат болып өскеннен кейін көрінетін ойыншықтар бар. Оны ата-аналар дұрыс түсіне алмайды. Бала сол ойыншықты таңдап жатқанда, тіпті, ата-ана сұрамайды. «Сен неге бұл ойыншықты алғын келіп тұр? Себеп не? Бұл ойыншық неге саған тартынып тұр? Неге басқасын таңдамай тұрсын? Осының себебін айтшы» - деп ата-аналар сұрамайды да.

Көздің жауын алатын ойыншықтардың басым бөлігі – шетелдік тауарлар. Деректерге сүйенсек, елімізге келетін ойыншықтардың 73 проценті Қытайдан, 16 пайызы Ресей мен Белорусь елдерінен келеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір кез-келген баланың қолынан смартфон түспейді. Түрлі мультфильм кейіпкерлерімен танысады. Олардың арасында адам өлтіруді насихаттайтындары да аз емес. Сіз оны білесіз бе? Балаңыз желіде не көреді? Сұраған ойыншығы қандай кейіпкер? Сақ болыңыз, бүгінгі ұрпақ ертеңгі болашағыңыз!   

А. Задабек