$539.55 €627.55 ₽6.7
×

Қазақстанға АЭС қажет пе?

AstanaTV
10.06.2022ж. 20:00
Қазақстанға АЭС қажет пе?

Атом электр станциясы Балқаш көлінің ауданы, Үлкен ауылы маңына салынуы мүмкін. Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. Нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен энергия жетіспеушілігі - әлем елдерін тығырыққа тірегелі тұрған қауіптің бірі. Қазақстан бұл ғаламдық мәселенің оңтайлы шешу жолдарын алға тартып отыр. Елімізде атом электр станциясын салу мәселесіне мамандар  не дейді? Тараптардың пайымын  Заңғар Санай жеткізеді.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Елімізге атом электр станциясы керек пе деген сұраққа ғалымдар әртүрлі жауап беріп келеді. Мәселен эколог мамандар оның қажеті жоқ десе, физик-ғалымдар салу керек дейді. Өйткені алдағы уақытта жер жаһан энергия тапшылығына тап болуы мүмкін. Сол тұста тығырықтан шығаратын жалғыз жол, осы - АЭС дейді мамандар.

Физика –математика ғылымдарының кандидаты Владимир Поезжалов атомдық энергияны қолдануды қолдайды. Өз тұсында талай даңқты ғалымдармен бірге жұмыс істеген білікті маман  атом электр станциясын салу, уақыт талабы деп отыр. Оның пайымынша АЭС- экологиялық таза, әрі арзан электр қуатының көзі.

Владимир ПОЕЗЖАЛОВ, ҒАЛЫМ:

Энергия көзі жоқ жерлерге атом электр станциясын салу керек. Сонда ғана электр қуатын жеткізу арзанға түседі. АЭС-ке сұраныс жоғары болады. Өйткені оған төтеп беретіндей бәсекелестік  бола қоймас. Ал одан басқа баламалы энергияның барлығы түк тиімсіз деп есептеймін.

Атом десе адамзатқа жойқын жарылысты  елестейтіні  ақиқат. Алайда бейбіт мақсатта пайдаланса зиянсыз, құны арзан энергия  көзі. АЭС-тің айналасындағы апаттың түгелі адамның салғырттығынан болды дейді Владимир Поезжалов. Ал энергетика саласының сарапшысы, экономист Әсет Наурызбаев атом электр станциясының түк қажеті жоқ дегенді айтады.

Әсет НАУРЫЗБАЕВ, САРАПШЫ:

АЭС бізге керек емес. Өйткені атом электр энергиясы өткен ғасырдың сарқыншағы. Атом  қаруын шығаруға байланысты қолданылған. Ал қазір адамзат одан да арзан қауіпсіз энергия көздерін ойлап тапты. Өкінішке орай  көпшілік соны түбегейлі түсінбей келеді. Атом индустриясына деген құштарлық басым.


КЕГОК-тің экс-басшысы атом энергиясының  4 есе қымбатқа  түсетінін алға тартты. Мәселен қазір Түркия атом энергиясының өзіндік құнын сағатына 1 киловатт үшін 60 теңге белгілеп отыр. Ал күн-жел энергиясының  құны 14-16 теңге шамасында. Оның сыртында қатер-қауіп тағы бар.

Әсет НАУРЫЗБАЕВ, САРАПШЫ:

Балқашта салғысы келеді. Егер апат болса Балқаштан біржолата айрыламыз. Балқаш түгілі оңтүстік пен солтүстік арасындағы байланысты  жоғалтып аламыз. Бұл үлкен қатер. Қатерді қаперге алмайтын адамдар кейін қомақты қаражаты мен қоса оның жойқын салдарына  тап болады. Бір блогінің өзі жүйеден  ажыратылса өрескел  шығынға ұшыраймыз. Ал күн-жел станциялары істен шықса небәрі 100 мегабайт.Оны ауыстыру  оңай. Ал атом станциясы  өшсе 1200 мегаватт . Бұл үлкен проблема.

Қазір Қазақстанда 3 атом реакторы бар. Оның біреуі Алматыда, екеуі шығыстағы Курчатов қаласында екен. Олар энергия өндірмейді. Тек ғылыми мақсатта пайдаланылады. Яки елімізге атом электр станциясын салмастан бұрын, онда  жұмыс істей алатын білікті мамандар дайындау мәселесі тағы бар.

З. Санай