$538.54 €628.31 ₽6.7
×

«AMANAT» партиясында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті

AstanaTV
10.06.2022ж. 20:00
«AMANAT» партиясында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы сарапшылық талқылаудың тақырыбы референдумның қорытындысы мен Жаңа Қазақстанның Конституциясы болды.

Жиынға қатысқандар референдум қорытындысын талқыға салды. Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов референдум қорытындысы қоғамдық топтасудың жаңа деңгейін көрсетті деп бағалайды.  

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қабылданған шешімнің өзі бүкіл қоғамның бәрінің басын біріктіруге мүмкіндік жасады деп айтсам да артық емес қой деп ойлаймын. Сондықтан, осындай қабылданған шешімдердің бәрі сөз жоқ елдің сана-сезіміне тікелей әсер тигізетіні де белгілі. Сондықтан оны халық қолдады, сондықтан халық бірге болды. Негізгі қабылданған шешім бұл Президенттің қабылдаған реформаларын халықтың қолдауы деп айтуымызға болады.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов референдум елде демократия институты нығайып келе жатқанын көрсеттті дейді.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бұл маңызды саяси оқиға мемлекеттілікті демократиялық құндылықтарға негіздеп құруға деген бағдарымызды бекітті деп сеніммен айта аламыз. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – саяси реформалардың басы ғана. Елімізді жан-жақты жаңғырту жұмысы жалғасады. Біздің партиямыз осы жаңа жағдайға дайын. Елдің жетекші саяси күші позициясын сақтап қалу үшін «AMANAT»-тың әлеуеті жеткілікті. Тәжірибелі саяси ойыншы және парламенттік көпшілік дауысқа ие партия ретінде нақты бәсекелестікке дайынбыз.

«Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма Төрағасының пікірінше, референдум демократиялық республикаға азаматтық, ашық қоғамға, әділетті елге жасалған нақты қадам болды.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 
Жалпы, елдің сенімі сетінегені белгілі. Және көптеген талаптар болды. Мысалға, соттың әділетсіздігіне байланысты, сайлаудың таза өтуіне байланысты, билікті шектеуге байланысты. Сондықтан референдум қоғамда қордаланып қалған көкей кесті мәселелердің түйінін тарқатқан және алдағы әділ сайлаулардың бір бастауы болды деп ойлаймын.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Юлия Кучинская референдум азаматтардың едәуір бөлігін саяси процестерге бойлап, елде болып жатқан өзгерістерді саралауына мүмкіндік берді деп санайды.

Юлия КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Егер азаматтар қандай өзгерістер орын алып жатқанын, түзетулерді қабылдағаннан кейін олардың қандай мүмкіндіктері болатынын түсінбесе, өзгерістер тек қағаз бетінде қалып қоюы мүмкін.

ҚР Парламенті жанындағы Парламентаризм Институтының директоры Мансұрхан Махамбетовтың айтуынша, реформалар бірінші кезекте мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Мансұрхан МАХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Мемлекеттік биліктің стандартын жасауымыз керек. Стандарт болған жерде ғана тәртіп, ашықтық, жауапкершілік болады. Стандарт дегеніміз ол жалпы ереже. Біз мемлекеттік биліктің пәрменділігін арттырамыз десек, осы стандарттың төңірегінде жұмыла бірігіп жұмыс істеуіміз қажет.

Диалог алаңының бүгінгі отырысына әдеттегідей Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек модераторлық етті. Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөніде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.

А. Съезбек