Бүгін Елордада республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Игі шара Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен төртінші мәрте өтті. Оған Іскер әйелдер қауымдастығы да ұйытқы болып жүр. Марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов қатысты. Жобаның көздегені - мұқтаж жандарға көмек қолын созған жомарт жүректі адамдарды насихаттау. Байқау жеңімпаздары «Туған жер», «Асар», «Мейірім жолында», «Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы», «Жануарға мейірім», «Бала жүрегі» сияқты аталым бойынша анықталды. Арамызда қайырымды жандар өте көп. Бірақ олар жақсылықты жарияламай жасағысы келеді. Дегенмен «Қайырымдылық керуені» оларды халыққа танытып, өзгелер үлгі алса дейді.
Қанат ЕСТЕК, ҚАТЫСУШЫ:
Ел азаматтары, азаматшалары, патриоттар, метсенаттар, халыққа істеп жатқан жақсылықтары, көмектері, қоғамдық белсенді азаматтар, халықтың көзіне түскен азаматтарды бұл жерде марапаттайды. Мен өзім 1-2 күн ғана болды осы марапатқа ие болып жатырсыз деген жаңалықты естігеніме.
Байқауға қайырымдылық қызметnі мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетіндер қатыса алмайды. Шара алғаш рет ұйымдастырылғанда оған 100-ге тарта адам қатысқан. Былтыр 667 өтінім түсіп, нәтижесінде 7 номинация бойынша 21 адам жеңімпаз атанған. Ал биыл байқауға 7 номинация бойынша 160 лауреат қатысты.
Мәди ЕЛУБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Маңызы өте зор шара. Неге десеңіз? Бұл шарада біздің лауреаттар ең бастысы мейірімді және қайырымдылық жасаған кісілер және де осы кісілердің бір мейірімділік және қайырымдылық сезімі ғана емес өте жоғары патриоттық сезімдері бар екенін көрсетеді.
А. Базарбай