Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елордада үлескерлер шу шығарды

AstanaTV
14.06.2022ж. 20:00
1551
Елордада үлескерлер шу шығарды

Елордадағы Шығыс тұрғын-үй кешенінен тағы да шу шықты. Үлескерлер келісім-шартта көрсетілген шаршы метрлер ай сайын ұлғайып, қосымша төлемдер қайта-қайта өзгергеніне наразы. Онсыз да жөндеуі жоқ үйге кіргелі отырған халық ол ақшаны қайдан аларын білмей дал. Бұқараның базынасын тілшіміз жеткізеді.

Үлескерлер 2019 жылы құрылысы бітуі керек болған үйіне, биыл көктемде бірақ қол жеткізген. Құрылысқа жауапты компания баспананы аяқтап, пәтер кілттерін табыстапты. Бірақ мұнымен мәселе шешілмеген.

Майраш ҚОЖАНТАЕВА, ҮЛЕСКЕР:

Хабар жіберді, сіздердің мына пәтерлеріңіз 66,5, шарты 69 квадрат. Сондықтан сіздер миллион үш жүз мың ақша төлейсіңдер. Каждый квадратқа 300 мыңнан деп. Мен оны қайдан алам. 4 квадрат бұл қайдан келді?  Мына үйдің ішкі, сыртқы қабырғасы шар емес. Оны үрлейтін. Ол қайдан келді? Соның бәрін бізге түсіндірмейді.

Бағаның бұлай құбылуын жауапты мекеме басшысы түсіндірді.

Руслан КАДЕСОВ, ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Болжамдап жасалған құжат. Проектен алынған, данныйлардан. Нақты БТИ пәтерлерді өлшеп, тех паспорт шығарғанда, сол кезде білінеді нақты қанша болғаны қосымша төлемнің.

Яғни, бұған дейінгі құжаттарда көрсетілген сомалар алдын-ала есептердің натижесі болып шықты. Ал мамандар әр адамның қанша төлем жасағанын анықтап, қалған соманы шығарып береміз деп уәде етті. Алайда үлескерлерге бұл оңай тимей тұр.

Ләззат ДҮЙСЕНОВА, ҮЛЕСКЕР:

Үлескерлердің көбінің бұрынғы құрылыс компаниясының алдында дебиторлық берешегі бар. Олар жинақтық депозит арқылы алған. Ал бізді мына үйге көшірген кезде пәтерлердің көлемі өсіп кетті. Қазір олар екі жаққа да миллиондап ақша беруі керек. Қарапайым адамдардың қалтасы көтермейді ғой мұны. Жеңілдетілген несие берсе, біраз мәселе шешілер еді.

Бұл ұсынысты құрылысшылар ескеріп отыр. Бірақ әзірге нақты келісімге келмеген. Келіссөздің сәтті аяқталуы ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесіне, несие алушылардың материалдық жағдайы мен төлем қабілетіне байланысты болмақ. Айта кетейік, мұндағы үлескерлердің дені зейнеткерлер, табысы төмен отбасылар екенін ескерсек, бұл бәріне бұйырмауы да мүмкін.

С. Селееубайұлы