Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынының қармағына ілінген

AstanaTV
15.06.2022ж. 20:00
1960
Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынының қармағына ілінген

Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынның қармағына ілінген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындарды психикалық ауру екенін ресми түрде мойындаған. Тіпті, аурулар мен  денсаулыққа зиян келтіретін проблемалардың халықаралық статистикалық классификациясына енгізген. Бәс тігетіндердің көбі "тәуекел түбі жел қайық" деп ойлайды. Алайда, қазіргі құмар ойындарға құныққандар үшін тәуекел түбі тәуелділік болып тұр.

Ес білді дегенде, есінен адасып, оңай олжа табамын деп оңбай сүрінгендердің бірі Елжас есімді азамат.  Бәс тігуді ермегіне айналдырғанына 5 жыл. Жүзін камераға көрсеткісі келмеді.

Елжас, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көп ақша көріп, азартқа кіріп, қарызға кіріп, достарым өзімнен теріс бұрылды. Бәріне қарыз болып. Тұрақты жұмыс істей алмадым. Өйткені жұмыс істеген жерімнен аванс алып, көп ақша алып, оны қайтармай, кетіп қалып.


Тәуелділіктің түрі көп. Маскүнемдік, нашақорлық деп кете береді. Бүгінгі күні әлемдік медицина тәжірибесі құмар ойындардың да эмоционалдық тәуелділік екенін растап отыр. 2016 жылы Қазақстанда құмар ойынға 21,9 млрд теңге рәсуә болған. Ал 2015 жылы  23,8 млрд теңгені ойынға салған. 2014 жылы 24,5 млрд теңге казинолардың камбасында қалған.

Құмар ойындарға тәуелділік, сарапшылардың пікірінше, героиннен де күшті.  Қазір букмекерлік кеңселер және басқа да бәс тігетін ойын түрлері заманға са сай дамып, қол жетімді болып келеді.  

Дәулет МҰҚАЕВ, БЛОГЕР:

Әлеуметтік топты таңдамайды. Бұл ойынды жағдайы төмен де ойнайды, жағдайы жақсы да ойнайды, шенеуніктер де ойнайды, тіпті, полицияда ойнайды мысалы. Одан бөлек, отбасымен де ойнайды. Соның ішінде мысалы алтын белгілер, қызыл диплом, тіпті болашақта оқып келіп, шетел көріп келген азаматтар да ойнайды. Бұл кәдімгі вирус сияқты таралады.

Индира ӘШІМХАН, ПСИХОЛОГ:

Олар инфантильді болғандықтан, олар жеңіске жетемін деген өтірік алдамшы сезімге іштей бейім болады да, ал реклама болса күшті жасап тұрады бәрін. Жеңіп жатқан адамдарды көрсетеді. Соған кішкентай бала сияқты қиялдану сезіміне беріліп, содан барып ақшасын тігеді. Лудоманияға шалдыққан адамдардың 40 пайызға жуығы суицидке барады.

Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынының құрбаны болды. Әрбірінің берешегі 10 миллион теңгеден басталады. Осылай деген Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова дабыл қақты.  

Ләззат РАМАЗАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазақстандағы 10 ерлі-зайыптының 7-еуі құмар ойындарға байланысты ажырасады. Қарызын қайтара алмағандар қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзін-өзі өлтіруге дейін барады. Қазір маскүнемдік пен нашақорлыққа салынғандарды күштеп емдейтін орталықтар бар. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі ойынға тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуді қарастырмай отыр.  


Депутаттар «Жастар саясаты туралы» заң жобасы аясында қолданыстағы нормалар орындалмай жатқандықтан, букмекерлік қызметтердің жарнамасына тыйым салу бойынша қосымша заңнамалық шараларды ұсынды. Бірақ бұл жеткіліксіз екенін депутаттарда мойындайды.    

А. Базарбай