Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Түркістан облысында заңсыз салынған үйлер көп

AstanaTV
16.06.2022ж. 20:00
1511
Түркістан облысында заңсыз салынған үйлер көп

Түркістан облысында заңсыз құрылысқа тоқтам болмай тұр. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде  мыңнан астам тұрғын үйдің құжаты жоқ.  Ауыл әкімінің айтуынша, бұрын шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтерге тиесілі телімдерге баспана салуға тиым салынған. Бірақ, оны ешкім тыңдап жатқан жоқ дейді.   Тараптарды тілшіміз Айзада Төребекқызы тыңдады.

Қарабұлақ ауылында дәл қазір құрылыс қызу жүріп жатыр. Салынып жатқан үй көп.  Бірақ оның басым бөлігі заңсыз. Кезінде ауыл шаруашылық мақсатында қолданылған жерге мемлекеттік АКТ алмаса да баспана салып  жатқандардың бірі - Сабыржан Халманов.  
 
Сабыржан ХАЛМАНОВ ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Тоғыз немерем бар. Тағы көбейеді құдай қаласа. Оны қаяқа алам мен. Әкімшілік жағынан сұрасақ жер бермейді. Ақша бермейді. Бәрібір салуымыз керек қой, өмір сүруіміз керек қой, күн көру керек. Қарапайым халық неғыламыз, өмір сүрмей кетеміз ба?!  сол үшін соғып жатырмыз енді үй, амал жоқ басқа.

 
Қарабұлақта дәл қазір отыздан аса үй құрылысқа тыйым салынғанына қарамастан салынып жатыр. Ешбірінің құжаты жоқ,- дейді ауылдық округ әкімі. Тіпті тұрғын үй салуға арналмағандықтан «құрылысты тоқтат» деген ескертуді де елемей жатқандарын жеткізді. Бір түнде үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалап үлгеріп жатқандар бар көрінеді.

Камилжон АБДИЛАХАТОВ, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Халық түсіндіру жұмыстарын жүргізгенмен бізді тыңдамай тұрғын үй салып жатыр да. Сенбі жексенбі күндерге туралайды да сол күні жалғастырады ғой. Азанға дейін кірпішін қалап шығып жатқан отбасылар да бар. Өйткені біз үлгере алмай қаламыз, түнде кеп оларды тоқтату мүмкіншілігі жоқ.  

Қарабұлақ ауыл округінде 60 мыңнан астам тұрғын бар.  Шенділердің есебінше, мұнда жылына 1,5 мыңдай бала дүниеге келеді.  Ал жер кезегінде 7 мыңнан астам азамат тұр. Соңғы он жылда жер телімі берілмеген. Бірақ соған қарамастан 1,5 мыңдай үй заңсыз салынған.  Соның 300-інің ғана құжаты реттеліпті.    

Шухратулла УБАЙДУЛЛАЕВ, САЙРАМ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алгоритмге сәйкес біз осы үйлерді заңдастыру жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінгі күнге 28 үй заңдастырып берілді. Оның заңдастыру жолы 1-шісі –заңсыз құрылыс салынған үйлерді кадастр бағасымен сатып беру, үй иелеріне. Екіншісі, бұл мемлекеттік жерде коммуналдық жерде орналасқан үйлерге сот арқылы меншік иесін тану.
 
 
Қарабұлақта тұрғын үйлерден бөлек кәсіпкерлік нысандар да заңсыз салынуда.  Аудандық өкілдің мәліметінше, 28 нысан шаруа қожалыққа тиесілі жерден бой көтерген. Оларды бұзу мәселесі бойынша қазір сот орындаушылары жұмыс жүргізіп жатыр.
 
А. Төребекқызы