$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Түлектер емтихан нәтижесімен келіспейді

AstanaTV
16.06.2022ж. 20:00
1096
Түлектер емтихан нәтижесімен келіспейді

Ақтөбеде Марат Оспанов атындағы медицина университетінің түлектері шу көтерді. Олар емтиханда алған бағамен келіспей, тест жауаптарын қайта қарауды талап етіп отыр. Елдегі бес медицина оқу орнын қоса алғанда сынақ тапсырғандардың 90 пайызының бірдей төмен балл алғаны күмән тудырады дейді интернатура бітіргендер. Жергілікті медицина университетінің басшылығы болса, бұған студенттердің өздерін кінәлайды.  

Медицина университетінде жеті жыл оқыған бұл интерндердің кешеден бері көңіл-күйі жоқ. Елдегі барлық медицина жоғары оқу орындарының түлектері тапсыратын тәуелсіз емтиханнан төмен баға алып қалған. Курстың 90 пайызы тестен аз балл жинағанына еш сене алар емес.  

Ақбаян ТӨРЕҒАЛИЕВА, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 7-КУРС СТУДЕНТІ:

Неге күмәнданып тұрған себебіміз, Қазақстанда 4-5 медицина университеті бар, солардың барлығы дерлік 60 пен 70 аралығында бірдей балл алып шыққандығы. Біздің қазір талап етіп отырған нәрсеміз – бізге базаны ашып берсе, 60-70 жинаған балымызды көрсетсе, қате кеткен сұрақтарды көрсетсе, біз сол жерде дәлелдеп беруіміз керек.

Бұл емтиханнан төмен балл жинағандар резидентураға түсе алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Оқуды әрі қарай жалғастыру үшін 65 балл жинау керек екен. Межеден асқанның өзінде 70 балмен грант ұтып алу мүмкін емес, дейді интерндер.

Гүлжамал САҒИДОЛОВА, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 7-КУРС СТУДЕНТІ:

Балымыз төмен болса, біз конкурсқа өте алмай қаламыз. Өйткені, мемлекеттен бөлінетін гранттар саны шектеулі. Оған кім түсе алады, сол түседі. Ал біз 7 курс интерндері ғана емес, бұрын тапсырып кеткен, қазір дәрігер болып жасайтындар да түсе алады және басқа универ – бүкілі конкурсқа түседі. Сол себепті, біздің мүмкіндіктеріміз өте төмен.

Ал, университет басшылығы кінә – студенттердің өзінен дейді. Олар биыл тест сұрақтарының жаңаратынын ескермей, тек былтырғы тесттің жауаптарын жаттап алған, дейді оқу орнының өкілі.

Гауһар СҮЛЕЙМЕНОВА, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕКАН ОРЫНБАСАРЫ:

Мәселе – бұлардың алған жауаптары бір-бірімен алмастыру арқылы ақпарат нашар болып тұр. Олар именно сол тестті жаттап алған. Қарағанды, Астана бір-бірімен материал алмастырып тұр, студенттер өзара. Енді база барды да 35-40 процентін ауыстырды. 40 процентке ауыстырғаннан кейін білімдері осы шамада.

Студенттердің наразылығын ескеріп, емтихан орталығындағылар тестті қайта тапсыруға рұқсат берді. Бірақ студенттер бұдан бас тартып отыр, деді декан орынбасары. Университет өкілі бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаментінде талқыланып жатқанын айтты. Шешімді солар қабылдайды деді.

Г. Сейтенова