Атыраудағы перзентханада нәрестені еденге құлатып алды. Осы оқиғадан соң бас дәрігер қызметінен кетуге арыз жазған. Қазір оқиғаның жай-жапсарын полицейлер тергеп жатыр. Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар жас ана ренгент апаратына түсуге кеткен кезде шақалақты медицина қызметкерлері қарау тиіс еді,- дейді.
Перинаталдық орталықта дүниеге келгеніне бір-ақ күн болған сәбидің еденге құлағаны әлеуметтік желіден белгілі болды. Нәрестенің туыстары дабыл қағып, ақ халаттылардың әрекетіне шағымданды. Айтуларынша, жас ананы флюрографияға түсу үшін дәрігерлер алып кеткен. Сол кезде шақалақтың қасында өзін өте әлсіз сезінген келіншек қана қалыпты. Нәрестенің жылағанына шыдамай алдымен медбикелерді шақырмақ болады. Ешкім келмеген соң жұбату үшін қолына алып, еденге құлатып алған.
Әнуар ЖҰМАБАЙ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл өте қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Сіздер қаншалықты үлкен мәселе екенін түсінбей тұрған сияқтысыздар. Сәбиді бірден жансақтау бөлімшесіне жатқызу керек еді. Өйткені маңдайында гематома мен жырылған жері бар. Олар тек ауырсынуды басатын свечи қойған.
4 жарым келі балпанақтай ұл келді деп қуанған туыстары әлі күнге оның денсаулығына алаңдаулы. Дәрігерлер шақалақтың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп отыр. Оқиғадан соң денсаулық сақтау басқармасы перинаталдық орталыққа тексеріс жүргізген. Нәтижесінде бақылау, ұйымдастыру жұмыстарының өте төмендігін анықтапты. Анасы рентген аппаратқа кеткен кезде сәбиді балалар медбикесі қарауы тиіс еді,- дейді
Жанар САДУОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Олар тәулік бойы бақылауда болуы керек. Анасы рентгенге кеткен кезде пост акушері балалар медбикесіне ескерту керек еді. Ол жерде жаңа туған нәресте бар және өзін жайсыз сезінген келіншек бар. Қазір жұмыс тобы жағдайды жан-жақты анықтап, орталық басшысын жауапкершілікке тартуды көздеді. Бірақ ол кеше осы жағдайға байланысты қызметінен кету туралы арыз жазды.
Бас дәрігер лауазымдық қызметтен кеткенімен, перинаталдық орталықтағы жұмысын жалғастырады,- дейді Жанар Садуова. Оқиғадан соң еденге құлаған шақалақтың туыстары полицияға шағымданған.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Аталған фактіге қатысты қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 114 бабы 3 бөлігімен, яғни «денсаулыққа абайсызда зиян келтіру», оның ішінде 3-інші бөлігімен көзделгендей «абайсызда денсаулыққа ауыр зяин келтіру» бабымен тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, сол күні босанудан кейінгі бөлімшедегі екі пост акушерінің бірі денсаулығына байланысты жұмысқа шықпаған. Оның орнына жауапты адам да тағайындалмапты. Әзірге бұл іске кім жауап беретіні белгісіз. Өйткені іс әзірге тергеліп жатыр.
Б. Надірқызы