Елімізде 1500-ден астам елдімекенде әлі таза су жоқ. Яғни, 550 мыңдай тұрғын суға сусап отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Парламенттік тыңдауда айтылды. Ал мамандар алдағы жылдары су тапшылығы мәселесі ушыға түседі дейді. Тығырықтан шығар жол қайсы? Құзырлылар не дейді? Әсел Дүкембаева тарқатады.
Сумен жабдықтау қызметтерімен қамту үшін бюджеттен 500 млрд-қа жуық қаржы қарастырылған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2025 жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы аталған көрсеткішті толық орындау жоспарланған. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, сумен жабдықтау қызметтерімен қамту республика бойынша 96 пайызды, оның ішінде ауылдарда 93 пайызды құрады.
Депутат Еділ Жаңбыршин мұнымен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша, елімізде 1500-ден астам елдімекеннің тұрғындары ішер суға зәру. Жарты миллионнан астам адам судан тарығып отыр дейді. Еділ Жаңбыршин тығырықтан шығу үшін су мәселесімен айналысатын министрлік құруды ұсынды.
Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Қаншама баяндамалар мен бағдарламалар қосылса да әлі де шешімін таппай келеді. Бізде ауызсуды қамту көрсеткіштері инфрақұрылымның бар болуымен анықталады. Бұл нақты жағдайды көрсетпейді. Мысалы жаңа инфрақұрылым министрі өз баяндамасында Маңғыстау облысының тұрғындармен ауызсумен қамтуда көшбасшы деп отыр. Алайда осы ауылдарда Ақтау, Жаңаөзен қалаларында басқа да елді мекендерінде ауызсу режиммен беріледі.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай елімізде су тұтыну көлемі 46 процентке артады. Ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге жетуі мүмкін. Еліміздің су саласын дамыту үшін бірқатар ұсыныс айтылды. Соның бірі - жаңа су кодексін әзірлеу.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жыл ішінде қалалар мен ауылдардың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Бірақ әзірше 1543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек, бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. Жақын арада Парламент Мәжілісіне жаңа Су кодексін енгізу керек. Ең бастысы кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталуға тиіс.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев те Қазақстанға су тапшылығы қаупі төніп тұрғанын жасырмайды. Жылдан жылға жағдай күрделене түспек.
Серікқали БРЕКЕШОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
2030 жылға қарай ішкі өзен ағыны 102,3-тен 99,4 текше километрге дейін қысқарады. Оның ішінде шектес елдерден келетін ағын 47,8-ден 46,5 текше километрге дейін қысқаруы мүмкін. Осыған байланысты су тапшылығы 23,2 текше километрді құрайды. Бұл халықтың және экономиканың жыл сайынғы су пайдалану көлемімен бірдей. Егер су пайдалану тиімділігі өспесе, онда 2040 жылға қарай елімізді сумен қамтамасыз ету жағдайы нашарлауы мүмкін.
Экология министрі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексін әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа құжатты парламентке ұсынуды жоспарлап отырғанын айтты. Мамандар суды үнемдеу мәселесіне ерекше назар аудару керек дейді. Ысырапқа жол бермеу керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында суды үнемдейтін технологияны көбейту маңызды.
Ә. Дүкембаева