$521.9 €593.5 ₽6.39
×

«Сыбағадан» сыбағасын ала алмай жүр

AstanaTV
17.06.2022ж. 20:00
1460
«Сыбағадан» сыбағасын ала алмай жүр

Павлодарда «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен несие алған фермерлер сан соғып қалды. Олар Еуропадан асыл тұқымды мал аламыз - деп миллиондаған қаражаттарын мал жеткізіп беруші операторға аударған. Содан бері 2 жыл өтсе де, не мал, не ақша жоқ. Амалы таусылған шаруалар арнамыздан араша сұрады.

Баянауылдық Теміржан Қишев «Сыбаға» бағдарламасына қатысушылардың бірі. Ол Германиядан 100 бас асыл тұқымды мал алдыру үшін 85 млн теңге несие алған. Қомақты қаражатты бірден  Қостанайдағы мал жеткізуші операторға аударыпты. Алайда, 2 жыл өтсе де не мал, не ақшасы қайтпаған.

Теміржан ҚИШЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

1 жылдан кейін уже процентін төлеу керек еді, былтыр. 2021-де төленген жоқ. Биыл октябрдің 1-нде 20 млн төлеңіздер дейді уже. Мал келсе онда бізде уже төлі болады. Онда бізге төлеуге жеңіл болды. Ал бізде мал да жоқ, төл де жоқ, алмаған малға біз қалай 20 млн төлейміз.

«Сыбағадан» сыбағасын ала алмай жүргендер жалғыз емес. Павлодар облысында 11 шаруа қожалық дәл осылай алданып қалған. Ақтоғайлық фермер Талғат Дүйсенбаев 50 бас сиыр алу үшін 42 млн. теңге несие алыпты.

Талғат ДҮЙСЕНБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Күз келеді мал жоқ. Күзде айтады отрицательный погода болып кетті малды көктемге қалдырамыз - дейді. Көктем келеді. Мал тағы жоқ. Пандемия болып жатыр дейді. Содан мал осы күнге дейін жоқ.

Қостанайдағы мал жеткізуші оператордың өзі қиыншылыққа тап болғанын айтып ақталды. Айтуынша, малды Германиядан сатып алу үшін тиісті қаражатты төлеп қойған. Алайда, пандемия салдарынан бұл жұмыстар тоқтап қалса керек. Енді ақшаны өндіріп алуға ниетті.  

Марк ГУМЕРОВ, ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

2021 жылы Германиядағы мал жеткізушіні сотқа бердік. Сотта біз жеңіп шығып, ол жақтағылар бізге толық сомманы қайтару керек деген шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Біз қажетті құжаттардың бәрін неміс тіліне аударып, сол жақтағы қорғаушымызға жібердік. Қазір ақшаны өндіріп алу бойынша іс жүріп жатыр.

Өзге елге кеткен қомақты қаржының елге қайтар-қайтпасы белгісіз. Ал миллиондап несие алған шаруалар шаш етектен шығынға батқан. Берешектерін қалай төлерлерін білмей дал.

Ө. Қуанар