$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Елордада теміржол станциясы жанындағы автотұрақта дау шықты

AstanaTV
17.06.2022ж. 20:00
1442
Елордада теміржол станциясы жанындағы автотұрақта дау шықты

Елордадағы теміржол станциясы маңында тегін автотұрақ жоқ. Көлік қоюға арналған орынның барлығы ақылы.  Көпшілік бұған  наразы. Ал жауаптылар "тәртіп орнату үшін осылай жасауға тура келді" дейді.   Мәселенің мән-жайын тілшіміз толығырақ айтады.   

Мұхтар Жыңғылбаевтың айтуынша,  пойыздан адам күтіп алуға келгендер үшін ақылы автотұрақ  тиімсіз. Көлікті тегін қоятын жер болмағандықтан,  еңкейген кәрі  мен  кішкентай бала, жүгі ауыр жолаушылар  жаяулатып көшенің арғы бетіне өтуге  мәжбүр.

Мұхтар ЖЫҢҒЫЛБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бесплатно болсын. Жер деген жетеді ғой. Автовокзал, жд вокзал адамдарды күтіп алу керек, шығарып салу керек. Туысқанын шығарып салу керек. Сонда әжені, 70 жастағы әжені анау жақтан түсіріп, коляскамен анау жаққа дейін көтеріп апару керек па?


Вокзал маңында нәпақа тауып жүрген такси жүргізушілер де ақылы тұраққа наразы. "Біз үшін, бұл- үлкен шығын" дейді. Себебі, олар теміржол станциясына күніне бірнеше рет келеді. Әр кірген сайын ақша төлесе, күніне 5000 теңгеге дейін қалта қағатынын айтады.  

БЛИЦ:

- Бұрын болған, қазір 100 теңге қылып қойды ғой. Кірсе болды 100 теңге береміз.

- 2 сағат болса, 1000 теңге болып шығасың, 1000 теңге төлеп. Бұл парковканың иесі ауадан ақша істеп отыр ғой, ауадан.  


Ал жауапты компания өкілінің айтуынша, "ақылы автотұрақ керісінше тұрғындар үшін өте тиімді".  100 теңге төлеу арқылы тәртіп орнатып, көлік қозғалысын реттеуге болады дейді.   

Алтынгүл ЖҰМАТАЕВА, «FORPOST ID» ЖШС ЖЕТЕКШІСІ:

Тұрғындардың ауадан ақша жасап отыр дегенімен келіспеймін. Біз ақылы автотұрақтардан ешқандай пайда көрмейміз. Одан түскен ақшаның барлығы өз шығындарын ғана жабады. Автотұрақ 15 минут тегін кезде, тәртіп бұзылды, ұзын-сонар кезек пайда болды. Адамдар 15 минуттан асқан соң, ақша төлегісі келмей қашып кетеді. Ал қазір тәртіп бар.

Қазір автотұрақ ақысы 1 сағатқа – 100 теңге, 2 сағатқа – 200 теңге. Ал 3 сағаттан асып кетсе, 1200  теңге мен 4200 теңге арасында  төлем жасайсыз.  Теміржол станциясының алдындағы тұрақ 250 көлікке арналған.

А. Задабек