$521.9 €593.5 ₽6.39
×

"Ел болып жұмылып, мақсатқа жетеміз",- Президент

AstanaTV
17.06.2022ж. 20:00
1457
"Ел болып жұмылып, мақсатқа жетеміз",- Президент

Ұлт ұясы Ұлытауда өткен ұлттық құрылтай – дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын қайта жалғады.  Алқалы жиында  Мемлекет басшысы санаға серпіліс тудыратын ұтымды ұсыныстар айтты.  Бірқатар бастама көтерді.  "Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын", деді Президент.   Жаңа Қазақстан – ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы. Қоғамда тарихи әділдік орнату екенін атап өтті.   Мемлекет басшысының бұл бастамаларына  қоғам өкілдері қолдау білдіруде.   

Мемлекет басшысы Екінші Республиканы құруға кіріскенін, осы арқылы елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болатынын айтты. Жаңа Қазақстан бұл бір күнде немесе бір жылда  құрылмайды деді. Халықты ұлт болып ұйысып, елдікке бет бұруға шақырды.   Сонда ғана мақсатты бағындырып, мүддеге қол жеткізуге болады, деді.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.

Алқалы жиында мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылатынын айтты. "Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Ол күн еске алуға арналады. Басты мемлекеттік мереке болып қала береді" деді. Сондай-ақ, Қазақстан атауы тарихта мәңгі қалатынын кесіп айтты.  

Әлихан БӘЙМЕНОВ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:

Қасиетті ұлытауда өткізілуі Жаңғыру жолындағы Қазақстанның ұлы дәстүрлердің мұрагерлері еске салып, жауапкершілік салмағын еселей түседі.  Құрылтай құзырындағы жалпы  құндылықтарды айтқанда бірінші кезекте ел әлеуетін анықтайтын шешуші кезең фактор адами капиталға тоқталуға келеді.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, ҰҒА АКАДЕМИГІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
 
Мен үшін Жаңа Қазақстан деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші, сөз бен істің жақындығы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жалқы ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді.

Жиын барысында Президент Қасым-Тоқаев   өзекті мәселелерді қозғады. Ол кейбір адамдардың шектен тыс байып кететіні туралы  да айтты.  "Құрылтай мүшелері осы қоғамдық кеселдің бетін қайтаруға белсене атсалысады деп сенемін.  Тиісті түсіндіру жұмысын жүргізіп, тосқауыл қоймасақ, жемқорлар алшаң басып жүре береді" деді.    

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады. Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады

Бабалар рухы тоғысқан киелі мекендегі алқалы жиында Президент бірлікті нығайту мен реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге ерекше тоқталды. Көпшіліктің көкейінде жүрген көп сауалға жауап айтылды. Ұйымның жаңа жасақталған құрамында 117 адам бар. Президент сондай-ақ, кез келген адамды құрылтайға қатыстыруға болмайтынын, жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек екенін қадап айтты.  Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Президент келесі жиынды киелі Түркістанда өткізуді ұсынды. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді деді.

Ә. Дүкембаева