Жамбыл облысында нөсер жаңбыр жауып, сел жүрді. Төтенше жағдайдар департаментінің мәліметтері бойынша, өңірдегі кейбір тас жол мен бірнеше тұрғын үй, шаруашылық құрылысы су астында қалған. Алматы облысының тұрғындары да судан әбігерге түсіп жатыр. Толығырақ Әділжан Бердібек айтады.
Табиғат тосын мінез танытып, Жамбыл облысының тұрғындарын әбігерге салды. Селден зардап шеккендер жоқ. Алайда кейбір тұрғындар төрт түлігінен айырылыпты. Қазір өңірде су деңгейі төмендеген. Жергілікті билік келген шығынды өтейміз деп отыр.
Нұржан НҰРЖІГІТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
10 минут ішінде су төрт көшеден өтті. Қазір мұнда залалды есептейтін арнайы комиссия жұмыс істейді. Біз бірнеше үйге су кіргенін көреміз. Біз арнайы штаб отырысын өткіземіз, жағдайды талдағаннан кейін залалды өтейміз.
Топан су Ырғайты өзеніне демалысқа барған тынығушылардың көлігін ағызып кеткен. Қатты ағыс тынығушылардың өміріне қауіп төндірген. Абырой болғанда төтеншеліктер оқыс оқиғаның алдын алып үлгерді. Алматы облысы Кеген ауданындағы елдімекендерде де сел жүрді. Жергілікті тұрғындар оны әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Көшелер мен аулаларды су басқан.
Рамиль МАКПИРОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТЖД КЕГЕН АУДАНЫ ТЖ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Алматы облысы Кеген ауданында аз ғана уақыт жауған жаңбыр суы еңіске қарай ақты. Нәтижесінде, Түменбай ауылының Ақшоқы көшесінде сел жүріп, 11 ауланы шайып өткен. Қаза болғандар, зардап шеккендер жоқ, сондай-ақ, тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелмеді. Республикалық маңыздағы "Көкпек-Кеген-Түп-Жалаңаш – Саты-Құрметті" тас жолдарына да су көтерілді. Қазіргі уақытта су деңгейі түсіп, қозғалыс ретке келді.
Ал бүгін толассыз жауған жауыннан кейін Алматы көшелерін су басты. Сағат 14:30 шамасында қалада нөсер басталып, жарты сағаттай жауған. Салдарынан ғимараттар зақымдалып, жолды су басып, көлік қозғалысы қиындады.
Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің ауласын су алған. Қазгидромет мамандары жауын-шашын салдарынан Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өзендерде көлбеу ағын болып, су деңгейі көтеріледі деп болжаған. Төтеншеліктер азаматтарды 112 қызметінің SMS хабарламаларын назардан тыс қалдырмауға, ауа райының өзгеруін бақылауға, сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Ә. Бердібеков