Арнайы комиссия "Арселор Миттал Теміртауда" болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеудің қорытындысын жариялады. Жұмыс берушінің, яғни аталған компания басшыларының жүз пайыздық кінәсі анықталды. Бұл туралы еңбек инспекторлары арнайы брифингте мәлімдеді.
Еске салсақ, 10 маусымда металлургия комбинатында жылу пешін жөндеу кезінде "АрселорМиттал Теміртау" - ға қарасты "Құрылысмет" серіктестігінің ұста-пресс цехында пеш күмбезі құлап, бес жұмысшыны басып қалған болатын. Олар металлургиялық пештерді жөндемек болған. 4- еуі қаза тауып, біреуі ауыр жарақаттанды. Оқиға орнында екі аптаға жуық тексеру жұмыстары жүргізілді. Техникалық және нормативтік құжаттар зерттелді, куәгерлерден сұхбат алынды. Нәтижесінде жұмысшылардың біліктілігі расталды. 5-ші және 6-шы разрядтары болған. Алайда олар үш күн бойы арнайы киім-кешексіз жұмыс істеген. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Басшылық жұмыс жоспарын құрмаған. Оның үстіне пеш күмбезі дұрыс бекітілмегені анықталды.
Ирина ЛЮБАРСКАЯ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАС МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОР:
Қайғылы оқиғаға қызметтік нұсқаулардың берілмеуі, құрылыс ережелерінің сақталмауы себеп болған. Комиссия пештің дұрыс орнатылмағанын, жалпы ғимаратта қауіпсіздік ережелері сақталмағанын анықтады. Осының барлығы жазатайым оқиғаға, адамдардың өліміне әкеп соққан.
А. Қуаш