$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Қызылордалық шешен отбасы қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай отыр

AstanaTV
24.06.2022ж. 20:00
1216
Қызылордалық шешен отбасы қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай отыр

Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылында тұратын Бецеевтер отбасы қазақтың салт-дәстүрін берік  ұстанады.Сиыр сауу, құрт жаю, айран пісу бұл жанұя үшін қалыпты тірлікке айналған.   «Ал ет -сыйлы қонағымызға ұсынатын кәделі асымыз» дейді. Қазақы дәстүрді дәріптеген отбасында   тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы   қонақта болды.

Ваха мен Зулаштың отасқанына 43 жыл болған. Олар -шешен ұлтының өкілдері. Бірақ қазақ топырағына кіндік қаны тамған. Сондықтан да қазақтың салт-дәстүрін жатсынбай, жастайынан бойларына сіңірген. Отанасы қазақтың ұлттық тағамдарын жасаудың қыр-сырын да жақсы меңгерген. Отбасында ешқашан ақ үзілген емес. Ал сыйлы қонақ келсе қазан асылып, кәделі сый  тартылады.

Зулаш ТАШЕЕВА, АҚҚҰМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қонақ келсе де көп жағдайда қазақша тағамдар жасап жейміз. Қазақша ет асамыз, қамыр жаямыз, саламыз, жейміз. Қонақ үзілмейді үйімізден. Түзде де мал ұстаймыз, қорада да мал ұстаймыз. Ауылда отырған соң малсыз отырмаймыз. Сиыр сауамыз, айран пісеміз, қатық ұйытамыз, құрт жасаймыз.

Бецеевтер шаңырағында барлығы қазақ тілінде сөйлеседі. Балаларына қазақы білім берген олар, немерелерін де сол бағытта тәрбиелеуде. Ауылдың  қара домалақтарымен ойнап өскен ұлдары бүгінде өз алдына отбасын құрған. Дегенмен туған жерден жырақтап кете алмаймыз дейді. Себебі еріксіз жетелейтін ішкі сезім мен ыстық естеліктері бар.

Расул БЕЦЕЕВ, ҮЛКЕН ҰЛЫ:    

Қазақпен етене араласып, жақын болып кеткенбіз өте. Достарымның бәрі қазақ, көршілерімнің бәрі қазақ. Қазақтың салт-дәстүрін жетік білеміз. Атқа міндік, атпен қой да бақтық. Бәйгеге де қатыстық атқа мініп, көкпар да тарттық. Қазақтың барлық ойындарын білеміз. Ол бір дәуір еді ғой, ләң гі де, асық та ойнадық.
 
Бұл әулеттің қос қызы да қазақ отбасына келін болды.  Олардың тойы қазақтың жөн-жоралғысымен өткен. Ал отбасының ұлдары шешен ұлтынан қыз алған. Бірақ келіні де енесінің ізімен, үйдің тірлігін ұршықша үйіріп отыр. Көпбалалы отбасының  кенже ұлы қарашаңырақтың  түтінін түтетуде.

М. Тоқтасынқызы