14 жастағы қызылордалық Ұлан Сайлау аяқ киім тоқиды. Қаршадай қыз шет елден әртүрлі көлемдегі тақа, табандарын алдырып, бетін заман талабына сай түрлендіреді. Бұл кәсіпті алғашында ата-анасына қаржылық қолдау көрсету мақсатында бастаған көрінеді. Ал кейін оны дамытқан сайын, қызығушылығы ояныпты.
Ұлан аяқ киім тоқуды бір жыл бұрын қолға алған. Алғашқы тұтынушым анам дейді. Істеген жұмысының кем-кетігін түзеп, баға беретін де сол кісі. Ұланның қолынан шыққан спорттық аяқ киімдер мен жаздық сүйретпелер көздің жауын алады. Әдемі, ерекше, сапалы. Сондықтан жұрт ерекше қызығушылық танытады. Арнайы тапсырыс беретіндер де бар дейді. Алайда, кәсібін кеңейтіп, дамытуға шикізат тапшылығы қолбайлау болып тұрғанын айтады.
Ұлан САЙЛАУ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
Біздің елімізде мынандай шикізаттар жоқ. Табан, жіп. Сондықтан мен басқа мемлекеттерден алуға тырысамын. Кейде ол шекарадан өтпей, 2 айлап, 1 айлап қалып қояды. Негізгі арманым, магазинімді ашқым келеді. Қазір үйде отқан аналар, кішкентай қыздар көп, ылғи телефонда отыратын. Соларға үйретіп, кішкене ойларын бөліп деген сияқты.
Ұлан -6 ағайынды. Алдында 2 әпкесі бар. Кішкентайынан томаға-тұйық қыздың бұл өнерді меңгеруіне отбасындағы қаржылық қиындықтар түрткі болған. Сатып, ата-анама қолқабыс жасасам деген жасөспірімнің тілегі, бала арманының жүзеге асуына жол ашқан.
Айгерім БОЖАН, ҰЛАННЫҢ ӘПКЕСІ:
Негізгі қызығушылығы осы кәсіпке деген, өздеріңіз де білесіздер, карантин кезінде шамалы қаржылық тығыздықтар болды. Сол кезде Ұлан бір мастер классқа қатысып, бір хоббидан үлкен кәсіпке айналдыру ойы бар.
Ұлан жақында арнайы шақыртумен Алматыда өткен үлкен көрмеге қатысты. Бұл маған ерекше шабыт сыйлады дейді. Бөлмесін шеберханаға айналдырған қыз болашақта кардиолог болғысы келеді. Бірақ, сүйікті ісінен де қол үзбейтінін айтады.
М. Тоқтасынқызы