Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Түркістан облысында тиран әкенің кесірінен төрт бала анасыз қалды

AstanaTV
27.06.2022ж. 20:00
979
Түркістан облысында тиран әкенің кесірінен төрт бала анасыз қалды

Түркістан облысында отбасылық зорлық –зомбылықтан тағы бір келіншек бақилық болды. Жетісай ауданының 30 жастағы тұрғыны күйеуінің ауыр соққысынан соң ес жимастан көз жұмған. Сорақыысы сол, оқиға балаларының көз алдында болған. Жетісай ауданына қарасты Үлгілі ауылында тіркелген. Түннің жарымында ер адам әйелін бас салып төпелеп ұрып, денесінің сау тамтығын қалдырмапты. Ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген көпбалалы ана алты күн жатып, жансақтауда жатып қайтыс болған. Марқұмның артында алды 8 жаста, кішісі 11 айлық төрт баласы қалды. Полиция «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен іс қозғаған. Қазір ер адам қамауда.

Гүлнар ӘБДІРАХМАНҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Сондай-ақ, 27-маусым күні жас әйелдің есін жимастан қайтыс болуына байланысты аталған қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 106 бабының 3-ші бөлігімен қайта сараланып, бүгінгі күні толыққанды сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықалатын болады.

Сұлтанбек ҚАСЫМОВ, ЕРАЛИЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Бұл уақытқа дейін бұндай отбасылық кикілжің болмаған. Көршілерден немесе отбасы мүшелерінен бізге шағымдар келіп түспеген. Қазіргі таңда балалар ата-әжесінің қарауында. Қазіргі уақытта аудандық жастар ресурстық орталығымен ішкі саясатпен біргелікте арнайы психологтар жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта балаларды ойын бөлу мақсатында  лагерьлерге орналастару үшін жұмыстар жүргізілуде.

Куәгерлердің дерегінше, ер адам мұндай қадамға есірткінің әсерінен барған болуы мүмкін. Полиция әзірге бұл ақпаратқа қатысты мәлімет айтпады. Сараптама қорытындысы әлі шықпаған. Қазір анасынан айрылған төрт бала әкелерінің ата-анасының қолында. Ералиев ауылдық коругінің әкімінің айтуынша,  бұл отбасының өте қарапайым, бұрын соңды мұндай оғаш қылықтарын естімеген. Былтырға дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келгенін айтқан округ әкімі отағасының тұрақты жұмысы жоқ, тек шаруашылықпен күн көретінін жеткізді. Ол сол  түні Нұр-Сұлтан қаласынан келген көрінеді. Ал  қайтыс болған келіншек бала тәрбиесімен үйде отырған адам.

А. Төребекқызы