$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанай облысында жүздеген вагондар қаңтарылып тұр

AstanaTV
27.06.2022ж. 20:00
1121
Қостанай облысында жүздеген вагондар қаңтарылып тұр

Темір жол түйткілі. Қостанай облысында жүздеген вагондар қаңтарылып тұр. Ал шойын арба иелері шығынға ұшырап жатыр. Белгілі болғаны кірме жолдардың жағдайы тым нашар болғандықтан, қозғалыс тоқтатылған көрінеді. Тұйық жолдар түйткіліне  кім  жауапты? Қаңтарылып қалған қалың вагонның шығынын кім өтейді? Сан сауалға Заңғар Санай жауап іздеді.

Темір жол жүк тасымалымен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер әуелі көліктік бақылау инспекциясынан хат ала бастағанын айтады. Мемлекеттік мекеме кірме жолдарды пайдалануды тоқтата тұру туралы хабарлама жіберген. Өйткені жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді-мыс.  Сөйтіп 37 жолдағы қозғалыс тоқтаған. Олардың барлығы өз тұсында атышулы  акционерлік қоғамға тиесілі жолдар. Компания акциялары мемлекетке өте салысымен, кенеттен темір жолдардың  жағдайы мүшкіл халге түсе қалса керек.

Валентин БЕСПАЛОВ, ДИІРМЕН ӨКІЛІ:

Екі айдың ішінде шпаль шіріп кеуті мүмкін бе?Онда олардың жағдай тәуір деген құжатқа кім қол қойды? Қол қойғандар қатары көп.

Хат келісімен  37 жол бұғатталып, 300 вагон қаңтарылған. Оның тоқсан алтысы жүкпен тұр. Тек Арқалық станциясында  қаңтарылған қалың вагон иелеріне 4 миллион теңге айыппұл төлеу керек.  Ал сын көтермейтін жолдарды енді Қазақстан темір жолы жөнге келтіреміз деп хабарлап отыр. Бірақ оларда маман да, ресурста жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер әлі қалтасынан қағылары қақ.

Бақытгүл МӘМБЕТОВА, "ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ " АҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Біз тасымалдау шартын аяқтауға міндеттіміз. Және жүк жөнелтуші мен жүк алушыға  вагондардың  қанша уақыт қаңтарылып тұрғанын, оның соммасын айтуымыз керек. Ал олар шығынды регресстік тәртіпте «ЦТС» акционерлік қоғамынан өндіріп алуы тиіс.

Көліктік бақылау инспекциясының тексерісі де көптеген сұрақ туғызды. Оның заңдылығын енді прокуратура қызметкерлері анықтағалы отыр.

Темірлан РАХЫМЖАНОВ, ҚОСТАНАЙ КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:

Қандай негізде тексеру кестесі  енгізілді деген сұрақ туындап отыр. Сондықтан көліктік бақылау инспекциясы мен «ЦТС» акционерлік қоғамына байланысты мәселелерді зерделейміз.

Кәсіпкерлер проблемасына кәсіпкерлер  палатасы араласты. Олар орталық аппаратқа хат жолдап, қаңтарылған  қалың вагонның айыппұл мәселесін тиісті компаниялармен шешпек ниетте. Ал кірме жолдарға қойылған шектеулер толық алынып тасталғаны белгілі болды.

З. Санай