Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қызылжарда бидайдың бағасы аспандап, ірі диірмендер жұмысын тоқтатты

AstanaTV
28.06.2022ж. 20:00
835
Қызылжарда бидайдың бағасы аспандап, ірі диірмендер жұмысын тоқтатты

Қызылжарда экспортқа жұмыс істейтін ірі диірмендер бірнеше айдан бері тұралап қалды. Себебі, аймақта бидайдың бағасы тым шарықтап кеткен. Теріскейде астықтың бір тоннасы 180 мың теңгеге дейін жетті.   Бидай өңдеу кәсіпорындары не істерін білмей дал. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин сарапшылармен тілдесіп, тығырықтан шығар жолды сұрап білді.

Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында. Алайда, жақын арада еліміз үздіктердің қатарында болмауы мүмкін. Ауғанстанды тұтастай ұнмен қамтамасыз еткен солтүстіктің алпауыт диірмендері 3 айдан бері  тоқтап тұр.  Ресей бидай экспортын доғарған соң, Қазақстанда бидай құны лезде қымбаттап кетті, дейді. Осының салдарынан кәсіпорындар арзан шикізатқа қол жеткізе алмай қалған.
 
Таисия КОЛЛЕГОВА, ДИІРМЕННІҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Ресейлік астық Қазақстандікімен салыстырғанда 10-15 мыңға арзандау болды. Теріскейдегі көршіміз экспортты жапқан соң, біздің диқандар былтыр жиналған бидайдың құнын себепсіз көтеріп жіберді. Қазір бидайдың   тоннасы 160-180 мың теңгенің аралығында саудаланып жатыр. Ал ұнның бағасы шетел нарықтарында 185 мыңнан сатылуда.   5 теңге  айырмашылық біздің шығынды ақтамайды.
 
Ал танап басындағы шаруалар  шығын  көп болған соң, бидайдың бағасын көтергенін айтады.  

Олег АДАМ, ДИҚАН:

Қазір мемлекет субсидияны аямай төлеп жатыр, дизельдік отынды да төмендетілген бағамен ұсынады. Бірақ техниканың бөлшектеріне деген баға соңғы уақытта   екі есе қымбаттады. Ал тыңайтқыштардың құны геосаяси тұрақсыздықтың салдарынан 50 процентке көтерілді. Осының барлығы астық бағасының шарықтауына әкеп соқты. Бұл -нарық талабы. Ешкім қымбатшылықты қолдан жасап отырған жоқ.
 
Былтыр Қазақстан диқандары 12 миллион тоннаға жуық астық жинаған. 7 миллионнан астам тонна бидай  экспортқа жіберілсе, қалғаны ішкі нарықта. Сарапшы Евгений Карабановтың айтуынша, астықтың қымбаттауы қалыпты жағдай.  
 
Евгений КАРАБАНОВ, ҚАЗАҚСТАН БИДАЙ ОДАҒЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Былтыр қуаңшылық болып,бізде егін аз жиналды. Шаруалар біразын сатып, қазір азғантай бөлігін сақтап отыр. Осыған дейін отандық бидай экспортқа шығарылды. Ал жергілікті диірмендер ресейлік арзан бидайдың арқасында пайда көріп отырды. Қазір ресейлік экспорт болмаған  соң, ішкі бидайға сұраныс артып,  баға көтерілді. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жақын арада жағдай тұрақталады.
 
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Диірмендер енді күзгі жиын-терім науқанын күтіп отыр. Қамбаға жаңа астық құйылған соң,   бидай құны төмендейді деп үміттенеді. Бірақ, сарапшылар баяғы баға қайта келмейтінін айтады. Себебі, қымбатшылық қазір тек Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін де қыспаққа алып тұр.   

А. Құрманкин