Оралдықтар қоқыс шығару қызметіне берешегі 200 миллион теңгеге жеткен. Бұл аздай, олар үйінің айналасындағы тазалықты сақтамайды. Осылай деген атқамінерлер, қоқыс төгуге де ерінетін салақтарды тәртіпке салуды көздеп отыр. Яғни, қоқыс контейнерлерінің қасына бейнекамера орнатып қойды. Тазалық сақтамағандарға айыппұл салуды көздейді.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір біз қала орталығындағы қоқыс контейнерлерінің бірінің қасындамыз. Бұл жер қоқыс тастайтын жерден гөрі, дүкенге көбірек ұқсайды. Өйткені мына жердің бәрі қағаз қораптар мен қалдықтарға толы. Ал мына жерде кәдеге жарайтыны бар-жарамайтыны бар, түрлі ыдыс-аяқ пен шәйнектің бәрін тастаған, ал одан әріректе құлпынай жатыр. Ал мына жерде қыстық киімдердің алуан түрі бар. Іздеген адам кәдесіне жараса, өзі таңдап алады.
Қолқаны қабатын жағымсыз иістен ығыры шыққан тұрғындар жергілікті биліктен бейнебақылау камерасын орнатуды сұрапты. Олардың бұл тілегін қабыл алған шенеуніктер қоқыс төгетін 50 жерге 100 камера орнатып, 70 шақырым кабель жүргізген. Бұл іске бюджеттен 54 млн теңге бөлініпті.
Миржан ШАМУРОВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АЖ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Контейнердің айналасына үлкен машиналармен келіп, қоқыс төгіп кету жәйттері көбейді. Олар деген өйтіп төгуге арналмаған. Ол - тек тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер. Сол себепті арыз-шағым көбейді. Қалада әрбір шетті бүкіл жерін көзбен қарап жүре алмаймыз. Кішкене болсын көзбен көріп, мусор алынған жағдайды да көріп отырамыз. Мусор алынбаған жағдайды да көріп отырамыз. Кішкене болсын қадағалаймыз деген ойда бар.
Бірақ тұрғындар жағдайдың өзгермегенін айтады. Енді олар үйінің айналасындағы қоқысқа көмілген контейнерлерге арнап әлеуметтік желіден парақша ашқан. Осылайша тазалық сақтамағандарды видеоға түсіріп, масқарасын шығармақ.
Денис СПИРИДОНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Камераны орнатқанда үйіміздің айналасы тазарып қалады ғой деп қуанышымызда шек болмады. Бірақ баяғы жартас сол жартас болып қалды. Ештеме де өзгермеді. Өйткені аула сыпырушылар бастап, дүкендер мен дәріхана-дәмханалардың бәрі өзінің қоқысын осы жерге үйіп тастайды. Қайда барсақ та, кімге шағынсақ та, нәтиже жоқ.
Нина ЧУРКИНА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Камера қойылғаннан кейін аздап тазарып қалды. Өйткені өзін аңдып тұрғаннан кейін ешкім қоқысты оңды-солды шаша бермейді. Өйткені айыппұл төлейтінін жақсы біледі.
Қоқыс аңдитын бейнекамераны орнатуға Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі 54 млн теңге төлепті. Бұл бақылау жүйесі іске енді қосылады. Бірақ еріншек пысықтарға қоқысты полигонға тасығаннан гөрі айыппұл төлеген арзанға түсетін тәрізді.
Е. Карин