Елордадағы Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназияда жылыжай ашылды. Бұл «Жасыл мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылған. Мектеп басшылығы осы арқылы биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы балалардың білімін кеңейтуді, экологиялық қағидаттарды ұстануды және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыруды көздейді.
Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуде оқушылардың әлеуметтік белсенділігі артады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оны баптауға машықтанады. Бұл -балалар үшін өте пайдалы іс. Нұр-Сұлтан қаласындағы 20 білім ошағында "Жасыл мектеп" жобасы жүзеге асырылмақ.
Римма ИМАНҒАЗИНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алғаш рет "Жасыл мектеп"жобасы жүзеге асырылуда. 20 білім беру ұйымы, бұл 19 мектеп және 1 колледж, онда жылыжайлар орнатылған. Жылыжайлар тәулік бойы жұмыс істейді. Ол үшін барлық жағдай жасалған. 6-сыныптан бастап биология пәні практикамен бірге жүреді.
Жылыжай аумағы -100 шаршы метр. Мұнда оқушылар құлпынай, қызанақ, қызылша және қияр сияқты әртүрлі жеміс-жидектер мен көкөністер өсіреді. Қаһарлы қыста да жылыжайда жылу жақсы сақталады. Ол арнайы қондырғылар арқылы реттеледі. Яғни, Арқаның сарышұнақ аязында да жергілікті өнім жеуге мүмкіндік бар. Мұны мамандар климаты қатал аймақ үшін таптырмас жоба деп бағалайды.
Бақытгүл ЕЛШІБАЕВА, ЖЕРГІЛІКТІ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Практикалық лаборатория ретінде қараймыз. Қызанақ, қияр, қызылша бәрін өсіруге болады. Балаға эксперимент ретінде әрбір бала өзі өсіріп, өз қолымен, әр мектептердің таңдауы бойынша өсімдіктер өсірілді.
"Жасыл мектеп" жобасы осыған дейін Алматы қаласында жүзеге асырылды. 16 жылыжай қолданысқа берілген. Мегаполистегі оқушылардың 87 проценті қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігін сезінетіні арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде белгілі болды дейді мамандар. Елордалық жастардың да оны жақсы түсінетіне үмітті. Ұйымдастырушылардың мақсаты осы-балалардың табиғатқа деген сүйспеншілігін арттырып, жауапкершілікке тәрбилеу.
Б. Сатуов