Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елордада апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

AstanaTV
04.07.2022ж. 20:00
1094
Елордада апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Елордада апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.  Оған  бас қалаға жақын орналасқан облыстардан 80-нен аса кәсіпкер мен жергілікті өндірушілердің өкілдері атсалысып жатыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, баға нарықтан 10-15%-ға төмен.  

Биыл тұрғындардың өтініші бойынша жәрмеңкені өткізу орны «Барыс Арена» мұз сарайына қарама-қарсы аумаққа ауысқан. Балқаштық кәсіпкер Медет Байбосыновтың айтуынша,    баға нарықтан төмен болғандықтан, халықтың сұранысы  жоғары.  Сәйкесінше,  кәсібінің нәсібін көруге мүмкіндік мол.

Медет БАЙБОСЫНОВ, КӘСІПКЕР:

Таңсәріден бері балықтың түр-түрін сатып жатырмын. Бағаларды әкімдік бекітіп, қадағалауда. Шамамен 200-300 теңгеге арзан. Мәселен сазанның құны 1200 теңге. Одан артық көтермейміз.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде  соңғы кезде қат дүниеге айналған дәмі балдай, бағасы удай   қант та қолжетімді бағада сатылды.

Руслан ЫДЫРЫСОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Әлеуметтік маңызы бар тауарларға ерекше мән беріп отырмыз. Мәселен, 1 келі қанттың бағасы -480 теңге, ал бірінші  сұрыпты ұнан әзірленген 1 бөлке нанның бағасы- 80 теңге.


БЛИЦ:
 
- Әрине мұнда айтарлықтай бағада айырмашылық бар. Әрі қажетті өнімдердің бүлінбегені мен көптігі қуантады.  

- Бағаға көңіліміз толады. Бәрі жақсы, рахмет, осындай жәрмеңкелер көп болсын дейміз.


Ауылшаруашылық жәрмеңкесі  5 қарашаға дейін  жалғасады. Ал тамыз айынан бастап елордаға еліміздің барлық өңірінен өнімдер әкелінеді. Жалпы бағаны тұрақтандыру мақсатында қала бойынша 24 келісімге қол қойылып, 40 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауар тиімді бағада сатылуда.

М. Базарұлы