$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Батыс Қазақстандағы киік санын реттеуге белсенділер қарсы

AstanaTV
05.07.2022ж. 20:00
2359
Батыс Қазақстандағы киік санын реттеуге белсенділер қарсы

15- қыркүйектен бастап Батыс Қазақстан облысында киік қырғыны басталады. Жауаптылар ақбөкеннің санын реттеу үшін оны ату керек деп шешім қабылдады.  Мылтық қарауылына ілінер 80 мың  киік  ауру-сырқау, кәрі-құртаң деп таңдалмайды. «Охотзоопром» инспекторлары көзге түскен даланың еркесін шетінен ата бермек. Ал бұған сарапшылар қарсы. Мәселені шешудің басқа жолын қарау керек дейді. Өңірден-Еркін Карин.  

Бүгінде киіктер ең көп шоғырланған өңір - Батыс Қазақстан облысы. Мұндағы ақбөкен саны 800 мыңнан асады. Жергілікті шаруалар киік  көбейгелі ісіміз өрге баспады, деп мұңын шақты.

ШАРУА:

Мал ұстаудан қалдық. Осыдан 4 жыл бұрын менің 185 бас малым бар еді. Қазір қорада 50 бас малым қалды. Жылдан-жылға мал азығын жинай алмаймыз мына киіктің кесірінен. Осыдан ертең шөбімізді киік жеп кеткеннен кейін өзіміз қаңғып шөп шабуға 100 шақырым жерге далаға кетеміз. Бір тал шөп бізге алтынмен бірдей қазір.  


Шаруалар шуы құлағына жеткен шенеуніктер киік басын реттеу үшін ақбөкендерді ату керек деп шешті.   80 мың киік атылмақшы.  Оның 5% - теке, 47,5% - енесі, қалғаны – лағы. Енді инспекторлар олардың кәрі-құртаң, ауру-сырқауын таңдамай, шетінен ата береді.
 
Арман ІЗІМҒАЛИЕВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі таңда биологиялық негіздеме дайындалды. Биологиялық негіздемеге сәйкес, Орал популяциясы киіктерінің санын 10 пайызын ату жоспарлануда. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласында 7-шілде күні құзырлы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен шаруа қожалықтарының басшыларының қатысуымен үлкен жиын өтеді. Осы жиында бұл биологиялық негіздеме талқыланатын болады.

 
Сала өкілдері ақбөкендерді ату ісін қатаң бақылаймыз, дейді. Бірақ сарапшылар мұнымен келіспейді. Өйткені бұл жерде кінәні киіктен іздемеу керек.
 
Нұрлыбек РАХМАН, САРАПШЫ:
 
Шаруалар киіктердің егістік пен жайылымды таптап, бүлдіріп жатқанын айтса да, нақты қанша гектар жерге зиян келгені туралы ешбір дерек жоқ. Әрі фермерлердің бәрі өзен-көлдердің маңын мекендеген. Су іздеген киіктер амалсыздан сол жерге барады. Сондықтан жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Кезіндегі киіктердің мекені де шаруаларға ретсіз таратылған. Ал жоғарыдағы жауапты орындар бұдан хабарсыз. Ал сол жерді үлестіріп берген аудан әкімдіктері фермерлерді қолдап, бүкіл кінәні киікке аударып жатыр.
 
Сарапшылардың айтуынша, соңғы 15 жылда облыстағы ауыл шаруашылығы жерлері 3 есе ұлғайса, киіктің өрісі 5 есе қысқарған. Бұл аздай, киікті зерттеу жүргізілмейді. Ал тығыз шоғырланған киік үйірінің арасынан әлдебір ауру шықса, мылтық кезенбей-ақ бәрі бір күнде қырылып қалуы мүмкін дейді.  

Е. Карин