$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Алматыда күн сайын 200-ге жуық адам коронавирустық инфекция жұқтыруда

AstanaTV
08.07.2022ж. 20:00
1669
Алматыда күн сайын 200-ге жуық адам коронавирустық инфекция жұқтыруда

Алматыда күн сайын 200-ге жуық адамнан қауіпті вирус анықталуда.  Жалпы ел бойынша індет жұқтырғандардың 50% проценті - екінші мегаполиске  тиесілі.  Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Алматы қаласына жасаған іс-сапары кезінде айтылды.

Коронавирус шаһарда белең алып тұр. Бұған алаңдаған коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссия төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, қалаға арнайы келді. Мамандар эпидемиологиялық ахуалдың бұлайша ушығуына тұрғындардың шетелге шығып демалуының жиілегені әсер етті дейді. Сондай-ақ, Ресей мен Қытай мемлекеттерінен азаматтардың көптеп қоныс аударуы да себеп болып отырғанын айтады.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Менің Алматыға келген себептерімнің бірі осы коронавирусқа байланысты. Ашығын айтқанда, Алматы қазір сары аймақта ғой. Дегенмен, ауырған азаматтардың 90 % - ы жеңіл түрде өтіп жатыр. Оның бәрін біз ескеріп отырмыз. Бізде нақты шаралар қабылданды. Ең алдымен, вакцинация қазір қайтадан жасалынып жатыр, екіншіден ревакцинация.  

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Алматыдағы бірнеше әлеуметтік орталықтардың жұмысымен танысты. Мәселен, «АртСпорт» жобасы болып саналатын әлеуметтік клубтардың біріне күн сайын 60-қа жуық бала келеді. Олар бірнеше бағытта, атап айтқанда, ән-күй, би, математика салалары бойынша білімдерін жетілдіреді. «7 жастағы Сенімнің домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніне небәрі 2 ай болса да, біраз жетістіктерге қол жеткізді»,- дейді анасы.

Айнұр БАЛҒАБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қызым осы социальный клубқа келгелі бері, өте жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Тек қана сабақ жағынан емес, одан бөлек, бұл жерде тағы да қосалқы сабақтар өтеді. Педагогтары мықты мамандар. Айтайын дегенім, осының барлығы ақылы емес. Мысалы, көпбалалы ата-аналарға үлкен көмек.

Вице-премьер арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да табан тіреді. Мұнда 18 жастан 40 жасқа дейінгі түрлі психологиялық ауруға шалдыққан 153 адам оңалтудан өтіп, арнайы қамқорлыққа алынған. Оларға кәсіби күтім көрсетіледі.

Гүлмира СЕЙСЕБАЕВА, ДӘРІГЕР – ПСИХИАТР:

Психологиялық ауытқулары бар, неврологиялық ауытқулары бар науқастар ем алады. Сонымен қатар, сауықтыру және әлеуметтік шараларды біз көп қолданамыз. Біздің жұмыс істегенімізге бар-жоғы 4 ай болды. Олардың әлеуметтік адаптацияға бейімделуіне біз бар жағдайды жасап жатырмыз.

Жұмыс сапарымен келген Ералы Тоғжанов, шахардың зиялы қауым өкілдерімен және белсенді жастарымен де жүздесті. Кездесу барысында олар тіл, өнер, білім беру мәселелерін қаузады.

М. Жақан