Тоқтар
Төлешев мемлекеттік билікті күштеп тартып алуға әрекеттенді. Адам ұрлау,
қинауды қосқанда, кәсіпкерге 15 бап бойынша айып тағылды. Бүгін Ұлттық
қауіпсіздік комитеті мен прокуратура өкілдері қылмыстық істің негізгі
эпизодтары бойынша тергеу аяқталғанын айтты. Тоқтар Төлешов елде төңкеріс
жасауға көмектескендерге мемлекеттік органдарда басшы лауазымын уәде еткен.
Толығырақ Азамат Алдоңғаровтың материалында.
Азамат
Алдоңғаров, тілші:
Бұл
тек негізгі эпизодтар бойынша ғана қойылған нүкте. Іс 15 баппен бітпейтін
сияқты. Өйткені құзырлы мамандар күн сайын істің тың деректермен толығып
отырғанын айтты. Мәселен, қазақстандық кәсіпкер Ресейдің қылмыс әлемінің
«көсемдерімен» тығыз қарым-қатынаста болған. Оларға ТМД аумағындағы
бизнесіндегі қамқорлығы үшін алым-салық төлеп, жасырын кездесулерін Шымкентте
де ұйымдастырып жүріпті. Кәсіпкердің қылмыспен байланысының бұлтартпас дәлелі
ретінде журналистерге одан тәркіленген қару-жарақ арсеналы таныстырылды.
Қауіпсіздік қызметінің өкілдері, Төлешевтің талайдан бері бақылауда болғанын
айтты.
Тоқтар Төлешев банк пен қылмыс әлемі алдындағы үлкен
берешегінен мемлекеттік билікті күштеп тартып алу арқылы құтылуды көздеген.
Мамандар
осындай болжам жасады. Ол үшін кәсіпкер көршілес Қырғызстандағы мемлекеттік
төңкеріс сценарийлерін зерттеген-мыс. Бүгін оның жер кодексі айналасындағы
Атырау мен Алматыдағы шерулерге қаржылай көмек бергендігі айтылды.
Руслан
Қарасев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі:
Тергеу
изоляторында бола тұра, Төлешев өзінің айналасындағы азаматтар арқылы
Сарыағашта тәртіпсіздіктер ұйымдастырмақ болған. Ол үшін бес мың адамға 100-200
доллардан төлеуге ақша бөлген. Жоспарлары Сарыағаш орталығынан шатыр тігіп,
тәртіпсіздік орнату. Сонымен қатар ол мемлекет заңына өзгерістер енгізу бойынша
да жұмыс жүргізген. Оның кейбір нұсқасы Төлешевтің көмекшілерінің жұмыс
компьютерлерінен табылды.
Көршілес
мемлекеттердің қылмыс әлемінен бөлек, ел ішінде де кәсіпкердің өз қамқоршылары
болған. Мәселен, жуырда қамауға алынған бірқатар лауазым иелері Төлешевтің
жоспарынан хабардар болып, оған демеу берген.
Руслан
Қарасев, ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі:
Мемлекетті
күштеп алғаннан кейін Жоғарғы соттың төрағасы, Бақтыбаев, және Досқалиев Ішкі
істер министрлігінің лауазымдарына тағайындау жоспарланған болатын.
Атышулы іс бойынша Тоқтар Төлешевтің өзімен бірге
айыпталушылар қатарында 25 адам, 300-ден астам куәгер бар. Жарты жылдан астам
тергелген істің алғашқы қорытындылары сотқа қашан жолданары әзірге белгісіз.
Бірақ мамандар істің әскери сотта жабық түрде қаралатынын айтты.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ