$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістан облысында суға батқан үндістандық екі студентті іздеу әлі жалғасуда

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
2986
Түркістан облысында суға батқан үндістандық екі студентті іздеу әлі жалғасуда

Суға батып кеткен үндістандық студенттердің жақындары, Түркістан облысына келді. Олар іздеу жұмыстарының әлі жалғасып жатқанына көз жеткізді. Үндістандықтардың бірінің әкесі, ал екіншісінің ағасы іздеуді жалғастыруға өтініш жасап отыр. Олар әлі де үміт үзбейтіндерін жеткізді. Құтқарушылар Төлеби ауданындағы Ақсу өзенінде екі аптадан бері тоқтаусыз жұмыс жүргізуде. Жаяу іздеумен қатар әуеден барлау үшін тікұшақ та жұмылдырылғанын бұған дейін де айтқанбыз. Тікұшақпен өзен бойы, яғни 2 мың шақырымдай аумақ жіті қаралған. Негізгі ережеге сәйкес іздеу жұмыстары он күннен соң тоқтауы тиіс болатын. Алайда біз туыстарының талап тілегімен бұл жұмыстарды жалғастыра береміз,- деді төтенше жағдай департаменті бастығы Нұрғали Жүнісов.

Нұрғали ЖҮНІСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
 
52 адам тартылып, жаяу іздестіру жұмыстары жалғасын табуда. Қазіргі таңда зерделеп қараған өзіміз баға беріп отырмыз, шомылған жерден 50-60 метр жерлерде жоғарыда айтқан екі студенттің денесінің судың астында жатуы әбден мүмкін. Сол себептен департаменттің жедел құтқару жасағының бес қызметкері 24 сағат тәулік бойы кезекшілікке қалдырылған.  
 

Еске салайық, медицина мамандығы бойынша оқып жүрген Үндістан елінің 21 азаматы маусымның 26-сы күні  Төлеби ауданына демалысқа барған. Ақсу өзенінде шомылу кезінде олардың бірін ұйық тартып кеткен. Оны құтқармақ болған екіншісі де судан шыға алмай қалған болуы мүмкін.  Мамандардың дерегінше, студенттер суға батқан жердің тереңдігі 14 метрге жетеді.

А. Төребекқызы