Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астананы нанмен қамтамасыз ететін кәсіпорын қалаға өнімін жеткізе алмай отыр

AstanaTV
13.04.2016ж. 20:00
1726
Астананы нанмен қамтамасыз ететін кәсіпорын қалаға өнімін жеткізе алмай отыр

Астананың шетіндегі бес бірдей кәсіпорын жол азабын тартып отыр. Тас жол әлдекімге сатылып кеткен. Содан бері Астана халқының 20 пайызын нанмен қамтып отырған және ЭКСПО көрмесіне құрылыс материалдарын тасып жатқан кәсіпорын жұмысы бәсеңдеген. Қалалық әкімдіктен қайыр болмағасын, кәсіпкерлер «Астана» телеарнасына хабарласты. Жол азабын жүрген біледі. Айгүл Әдепбай сол жолдармен жүріп, кәсіпкерлер мұңын тыңдап қайтты.

Қаланың қақ ортасы емес. Болмаса да, көліктер кептелісі - мына жолда қалыпты көрініс. Жол дейтін жол емес, жүргізушілер топырақ төсеп алған. Ал тас жол сатылып кеткен. Қазір қоршаулы.

Әбдірахым Төлендиев, «Столичный хлеб сауда» ЖШС директоры:

Бар болғаны 700-800 метр ұзындығы. Күзден бастап 2015 жылдың мына арадан мына бір кәсіпорын алды да, келетін жолды жауып тастады. Біз айттық оған, қалай жабасыз десек, менің қолымда барлық документ бар. Әкімшілік қалай жерді бөледі, егер оның айналып өтетін жолы жоқ болса.

Енді 5 кәсіпорынның негізгі жолы жабылды. Олардың ішінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне құрылыс заттарын таситын серіктестік те бар.

Светлана Корачова, «Базис блок» ЖШС директоры:

Біздің жолымызды жауып тастаса, жанынан өтетін басқа жол жасап беру керек. Ал жолымызды сатып алған мекеме басшылығы, бізбен жанжалдассаңдар, қалған аумақты да жауып тастаймыз, деді. Ал біздің барлық құрылыс материалдарымыз «ЭКСПО» көрмесіне кетіп жатыр. Кешіктіруге болмайды.

Кәсіпорындар өз күштерімен айналма жол жасап, тегістеген. Бірақ жаңбыр жауып, қар ерігелі жол да езілді. Қалаға нан таситын мекеме әлеуметтік нысандарға ас атасын жеткізе алмай қиналып отыр. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Цехтан күніне 10-12 тонна нан шығады. Астанадағы 700 шақты мектеп, балабақша, дүкен, асханаларды қамтып отыр. Жол жөнделетін болса, жұмыс ауқымын екі есе арттыруға мүдделі кәсіпорын. 

Ал керісінше, жол мәселесі шешілмесе, пісірілетін бөлкелер саны азайып қалуы мүмкін екенін айтады цех басшылығы. Өйткені жолсыз жерде жиі қирайтын көліктер - қосымша шығын.

Самат Мұсаев, жүргізуші: 

Күнінен 2-3 рет өтемін. Мына жерде жүру мүмкін емес. 10 тонна грузбен келемін, ұнмен, мына жерге батып қаламыз. 2-3 сағат тұрамыз, шығарып алмаймынша. Жиі қирайды, батады, сүйрейді оны. 

Ал мекеме пештен шыққан ыстық бөлкелерді түнгі 3-тен түске дейін Астанаға жеткізуге міндетті. Бірақ жол күрмеуінен жиі кешігеді.

Әбдірахым Төлендиев, «Столичный хлеб сауда» ЖШС директоры:

Біз әкімдікке де хат жаздық. Біз Ұлттық кәсіпкерлердің палатасына жаздық, шағын және орта бизнесті қолдау керек қой. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде болу керек.  Ешқандай нәтиже жоқ. Амал жоқ, сіздерге бардық. Бизнесті қолда дейді, ал іс жүзінде ешқандай көмек жоқ. Біз нан пісіреміз бе, жоқ әлде жолды жөндейміз бе?

Бес бірдей маңызды кәсіпорындарға апаратын жол салына ма? Әкімдікке осындай сауал жолдадық. Бірақ, жауап келмеді әлі. Сондықтан Астанаға жететін нан тасушы көліктер лай батпақ кешіп, қоқысқа толы жолсыз жолды кеше тұрмақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ