Президенттен 3 деген баға алған Үкімет мүшелері атқарылатын жұмыстарын пысықтады. Әрбір салаға жауапты министр дайындықпен келген. Мемлекет басшысының ескертуінен кейін, ес жиды ма бүгін 11 министр жұмыс жоспарларымен бөлісті. Сөгіс алғандары да білек сыбана кіресетін болды. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
"Нарықтағы бағаны өз бақылауыма аламын". Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, мемлекет басшысының ескертуін ескерді ме, тауар өткізу жүйесін құрудың қолданыстағы моделін қайта қарау жұмыстарын бастағанын жеткізді. Ол базар иелерінің жауапкершілігін күшейту қолға алынатынын айтты.
Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Олар мына бағыттар бойынша базарлардың қызметін одан әрі жаңғырту шараларын көздейді: базардың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілікті бекіту; базарларға қойылатын біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу; отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру.
Қымбатшылық пен қант үшін сөгіс алған екі министр енді етене жұмыс жасауға уағдаласыпты. Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев қант өндірісін жеті есеге арттыруға уәде берді.
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРІ:
Ақ қант импортының және құрақ қант шикізатының өңдеу көлемі ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «айналым схемасы» шеңберінде, оның ішінде форвардтық келісімшарттар тетігін дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың басымдығы мәселесі пысықталатын болады.
Жауаптылардың дерегінше жыл сайын халық 532 мың тонна қант тұтынатынын ескерсек, бұл да мәселені шешімі болуы екіталай. Киелі жануар киікті атып санын азайтамын деген министр, сөгіс алған соң райынан қайтқан сияқты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ақбөкендердің популяциясын зерттеу үшін қаражат сұрады.
Серікқали БРЕКЕШЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Терең мониторинг жүргізіп, киік популяциясын тиімді реттеу үшін күрделі ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Биыл Зоология институты Ғылым және жоғары білім министрлігіне осы тақырып бойынша зерттеулер жүргізу үшін өтінім берген еді. Өкінішке қарай, бұл жоба қабылданбады. Осыған байланысты, Әлихан Асханұлы, Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктері осы зерттеулерді қаржыландыруды биылдан бастап қарастыруын сұраймыз.
Ал, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысы айтқан Ана мен бала өліміне тоқталды. Оның айтуынша көптеген перзентханалар, перинаталды орталықтар өткен ғасырда салынған. Демек материалдық-техникалық базасы ескірген дейді.
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Бүгінгі таңда ана мен бала мәселелері бойынша жедел шешімді қажет ететін проблемалар бар. Осыған орай жүкті әйелдер мен балаларға кешенді жоғары мамандырылған көмек көрсету үшін+8 заманауи перинаталдық орталық салуды көздеп отырмыз. Ағымдағы және күрделі жөндеуін материалдық-техникалық жарақтандыруын жасақталуын қамтамасыз етуі қажет.
Дегенмен, өңірлердегі перзентхана мамандары, техникалық мүмкіндіктердің бар екенін жеткізді. Мәселе маман тапшылығын да деп топшылайды.
Иван ЯНЦЕН, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ АКУШЕРЛІК ЖӘНЕ ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Перинаталдық қызметтің проблемасы, ең негізгі мәселе- кадр ташылығы. Әсіресе аудандарда жетіспейді. Тіпті кей ауданда акушер-гинеколог мүлдем жоқ. Шұғыл көмек жасалмағаннан, Аналарымыздан айырылып жатамыз. Жаңадан келетін жас мамандардың білімі таяз. Перзентханаларға заманауи техникалар бар, оның да тілін білетін тәжірибелі, білімді маман жоқ.
Жоспар бар, енді оны қазан айына дейін атқаруы міндеті тұр. Мәселерін шешуге Президент қара күзге дейін уақыт берген. Шеше алмаса кадр ауыстыратын ескерткен еді.
Ә. Дүкембаева