Сирияға
соғысуға аттанбақ болған 12 ақтөбелік 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан
айырылды. Бүгін Ақтөбе қалалық сотында ДАИШ террористік ұйымының қатарына
қосылуға бет алғандарға қатысты үкім шығарылды.
Абақтыға
қамалғандардың ең кішісі 20 жаста, үлкені 57-де. Олар террористiк топтың
әрекетіне немесе терроризм актiлерiне қатысу фактісі бойынша жауапқа тартылды.
Елден кетпек болғандар террористік ұйымнан нұсқау алып отырған. Сондай-ақ осы
уақытқа дейін олардың біреуі ДАИШ ұйымын қаржыландырып келгені белгілі болды.
Олар Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарының аттарын жамылып, жалған
төлқұжаттармен шекара аспақ болған.
Анар
Айтжанова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы қызметін атқарушы:
Сот үкімімен аталған 12 азамат ҚР ҚК-нің 24 бабының 3 б., 257 бабының 2 б., 258 бабының 1 б. көзделген
қылмыстар жасағанына кінәлі деп танылып, оларға мүлкі тәркіленіп, 6-8 жыл
мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды
күшіне енген жоқ.
Естеріңізге
сала кетсек, ағымдағы жылдың ақпан айында жалған құжатпен шекарадан аспақ
болған бір топ азамат ҰҚК қызметкерлерінің қолына түскен болатын. Олар көршілес
Ресей мен Қырғызстан, Өзбекстан арқылы Түркияға бет алған. Ғаламтор арқылы
байланысқан белгісіз тұлға оларды Қара теңіз жағалауынан Сирия мемлекетіне
асыруға көмектесетіндігін жеткізген. Қылмыскерлердің бұл жоспары жүзеге аспады.
Мансұр ЕСҚОЖИН